Бас жаңалықтар
ШҚО-да жарты жылда аң аулауға 1,4 мың рұқсатнама берілген
01 Тамыз 2020, 15:01 155

ШҚО-да жарты жылда аң аулауға 1,4 мың рұқсатнама берілген

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері саны реттелетін жануарларды аулауға қатысты облыстың 1,4 мыңнан астам тұрғынына рұқсатнама берілген.

Бұл туралы облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы хабарлады. Жалпы, алты ай ішінде аталмыш мемлекеттік орган тарапынан облыстағы заңды және жеке тұлғаларға 1719 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 1451-і саны реттелетін жануарларды аулауға қатысты рұқсатнама болса, 154-і суда жүзетін көліктердің балық аулауға тыйым салынған аумақтардағы жүріп-тұруына қатысты құжаттар. Сонымен қатар, тасымалданған балықтың ауланған аумағын көрсететін 114 қызмет көрсетілген.

Мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізілген аталмыш қызмет түрлері Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, электронды үкімет порталы арқылы тегін түрде көрсетіледі. Мемлекеттік қызмет көрсететін мамандарымыздың біліктіліктерін тұрақты түрде жоғарылатып отырамыз. Осы мақсатта ай сайын инспекцияда оқыту курстары ұйымдастырылып, тыңдаушыларға заңнамалық актілер егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Мамандарымыздың біліктіліктерін жоғарылату арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қарапайым халыққа деген қолжетімділігін, ашықтығын қамтамасыз етіп, құжат ресімдеу үрдісін бюрократизмнен ада етудеміз, - деді ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Зарина Серікова.

Бұдан бөлек, аталмыш инспекция өз саласында мемлекеттік қызмет көрсетумен шектеліп қана қалмай, сонымен қатар табиғат қорғауға қатысты шараларды да жүзеге асырып отырады. Атап айтсақ, инспекция мамандары жануарлар мен балық қорын қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға қатысты түрлі акцияларды өткізіп отырады. Соның бірі - осыған дейін өңірдің балық аулауға жарамды су айдандарында жүргізілген акция болды. Көк айдынның байлығын кәдеге жаратқанымен, өзінен кейін ластап кететін балықшылардың кінәсінен облыстағы бірқатар өзен-көлдердің жағалаулары ластанып, су асты балық аулайтын ау қалдықтарына толып кеткен болатын. Дегенмен, аумақтық инспекцияның ұйымдастыруымен әр мекеме өздеріне бекітілген аумақтарда тазалау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 60 тоннадан астам түрлі қоқыс шығарып, су айдындарында балықшылар қалдырып кеткен 747 дана балық аулаға арналған аулау құралдары табылып, көзі жойылды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...