Бас жаңалықтар
Таразда аналардың проблемасын шешетін орталық ашылды
PHOTO
02 Наурыз 2020, 19:40 430

Таразда аналардың проблемасын шешетін орталық ашылды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Ананы өмір бойы сыйлап өтуге тиіспіз. Оның парызын Меккеге үш рет жаяу арқалап апарып келсек те өтей алмаймыз. Бұл – халықтың сөзі. Өйткені, ол – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін жан. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев "Бақытты отбасы" отбасы институтын қолдау орталығының ашылу рәсімінде осылай деді.

аналарао.png

Барлық адам баласы анадан тарайды, адамның адам болып қалыптасуы да сол жанның берген тәрбиесіне байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Сол себептен аналар үшін қандай шаруаны атқарсақ та, ол артық болмайды.

Бәрімізге мәлім, былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аналардың жағдайын жақсартуға бағытталған үлкен жұмыстар атқарылды. Оның куәсі болып отырмыз, сол жұмыстарды әрмен қарай жалғастыруымыз қажет. Қазіргі таңда біздің өңірімізде 30 мыңнан астам көп балалы аналар бар, 40 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Ең негізгі алғашқы көмекті, қолдауды сол кісілерге көрсетуге міндеттіміз, - деді аймақ басшысы.

Бердібек Мәшбекұлы облыстың бұрынғы әкімі Асқар Исабекұлы бастап кеткен жатақханалардың құрылысы, пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлер, осы секілді өзге де істердің барлығы аналарды қолдауға бағытталғанын жеткізді.

ана.png

Біздің алдымызда тұрған тағы бір міндет – аналарға көрсетілетін қызмет. Нұр-Сұлтан қаласында "Жанұя" орталығының, Алматы қаласынан "Бақытты отбасы" орталығының, Ақтөбе қаласынан "Анаға тағзым" орталығының ашылғанынан хабардармыз. Мұның барлығы өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Осылармен тығыз байланыста жұмыс істейтін, Тараз қаласынан ірге қалаған бұл орталық та жалғыз басты, көп балалы аналарға қызмет етеді. Оларға заң аясында кеңес береді, ақпараттық тұрғыдан түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қалай жұмысқа орналасуға, пәтер алуға, жәрдемақыға қол жеткізуге болатындығын түсіндіреді, - деді әкім.
Бердібек Сапарбаев атқарылатын жұмыстың ең негізгісі, көп балалы аналарды, мүмкіндіктеріне қарай, жұмысқа орналастыру қажеттігін айтты. Оларға тұрғын үйге қол жеткізудің барлық жолы баяндалуы керек.
Мен өңірлердің біразын аралап шықтым, үйінде отырып кәсіп бастаған әйелдер жетерлік, біреуі нан пісіреді, біреуі бақша күтеді, біреуі сұлулық салонын ашқан. Біз соларды қолдауымыз керек. Еңбек етуге құлшынысы барларға қол ұшын созудан аянып қалмауға тиіспіз. Осы бағыттағы шаруалар "Бақытты отбасы" орталығында атқарылады. Ол үшін жергілікті әкімдікті жағалаудың қажеті жоқ. Осында психологтарды, социологтарды, заңгерлерді әкеліп отырғызамыз. Басқарма басшылары да аптасына бір рет келіп, тұрғындардың сауалдарына жауап береді. "Атамекен" кәсіпкерлік палатасының да мамандары осында болады. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік, тұрмыстық проблемалардың барлығы дерлік осы орталықтан шешімін табуы тиіс, - деген ол бұл тәртіпті жүйелейтіндігін айтты.

Жамбыл облысы әкімінің сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін Тараз қаласынан Ақтөбеде кәсіпкерлердің демеушілігімен ашылған "Анаға тағзым" сияқты орталық ашылады. Онда жас аналарға сәбиді қалай бағу керек, бесікке қалай бөлеу керек, баланы қалай тәрбиелеу керек, отбасын қалай сыйлау керек, қонақты қалай күту керек деген секілді жұмыстар үйретіледі. Сол кезде бұл орталық та сонда көшіріледі.

аналарт.png

Біз барлық мәселені келісіп шешуіміз керек, үстелдің басында ақылдасуымыз керек. Көшеге, алаңға шығып айқайлағаннан, шулағаннан түйін тарқатылмайды. Ол – бекерге әбіржіту, өзіңнің, басқаның уақытын зая кетіру, - деп түйіндеді сөзін Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, бүгін Тараз қаласында Baqytty otbasy отбасы институтын колдау орталығы салтанатты жағдайда ашылды. Мұнда тұрғындардың осал топтарына қолдау көрсетудің кешенді бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Оның жұмысы негізгі 4 бағытта іске асырылмақ. Олар психологиялық, құқықтық және әлеуметтік тегін кеңестер беру; "Бақытты отбасы" ипотекалық бағдарламасы бойынша жұмыстарды үйлестіру; жұмыспен қамту шараларын қамтамасыз ету; жомарт жандардың қайырымдылық көмектерін ұйымдастыру.

аналари.png

Осы аталған бағыттардағы шаралар кешенін жүзеге асыру үшін онда психолог, әлеуметтік қызметкер, заңгер, медиатор сынды он шақты маман қызмет етеді. Олар жеңілдетілген несие, қайта даярлау және жұмысқа орналасу бойынша тегін кеңестер береді. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар төлеу мәселелері бойынша түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді.

аналарто.png

Жергілікті мамандардың айтуынша, Жамбыл өңірінде бүгінде 32,6 мың көпбалалы, 15 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмекке зәру отбасылар, 45,9 мың мүгедек жан тұрады. Орталықта осы топтарының базасы құрылып, тиісті мекемелер мен органдардың салааралық жұмыс жоспарлары жасалады. Ал психологтар күйзелістегі отбасылармен дербес жұмыс жүргізбек.


Фото: автордан
Загрузка...