Анатолий Гусев: Қазақстандықтар – табиғи таза дауыста ән салатын ұлт

2 Желтоқсан 2020, 09:16
1246
Бөлісу:
Анатолий Гусев: Қазақстандықтар – табиғи таза дауыста ән салатын ұлт

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Опералық ән айтудың хас шебері, профессор, Еуропаның ең танымал театрларында ән салып жүрген шәкірттерін тәрбиелеген халықаралық коуч Анатолий Гусев Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсының премьерасы қарсаңында «Астана Опера» солистерімен вокал бойынша дайындық жүргізуде.

- Сіз Миланда опералық ән айту мектебінің негізін қаладыңыз, академиялық вокалдан тәлім бересіз, «Астана Опера» әртістерінің орындаушылық шеберлігіне өзіңіздің кәсіби бағаңызды беріңізші.

- «Астана Опера» әртістері туралы тек жақсы нәрсе айта аламын. Ес білгелі байқағаным, қазақстандықтар әрдайым таза табиғи дауыста ән салатын әрі итальян, француз сынды өзге тілдерде керемет ән шырқау қабілетіне ие ұлт. Бұл ретте КСРО Халық әртістері Бибігүл Төлегенова мен Ермек Серкебаев, тамаша тенор Әлібек Дінішев сынды атақты әртістерді айта кетуге болады – олар ерекше дарынды орындаушылар. Қазақстан керемет өнерпаздарға ие, дайындықтары өте мықты. «Астана Опера» театрында сіздердің әсем дауыстарыңызбен жұмыс жасауға өте қуаныштымын. Италия төрінде туған операмен жұмыс жасағандықтан, солистер итальян тілін үйренуі қажет.

- Алдағы «Махаббат сусыны» премьерасына дайындық қалай өтуде?

- Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» – 1832 жылы венециялық каранавалға арнап жазылған екі бөлімді опера-буффа, композитор оны 2 апта ішінде шығарған – бұл өте қысқа мерзім, алайда осындай аз уақытқа қарамастан, ғаламат туынды дүниеге келді. Тенорға арналған әлемге әйгілі Una furtiva lagrima ариясы бар музыка көңіл жадыратады. Солистердің екі құрамымен дайындық жүргіздім, олардың қатарында жеңіл лирикалық тенор Жан Тапин мен Мейір Байнеш бар, сонымен қатар Салтанат Ахметова, Айзада Қапонова, Альфия Каримовамен жаттығу жұмыстарын жасадық. Өз партиясын бірінші құрамда орындайтын тамаша баритон – әр дыбысқа сондай ұқыптылықпен қарайтын әдемі де жұмсақ дауыс иесі Талғат Мұсабаевты атап өткім келеді. Сонымен бірге біз әсерлі нық дауысы бар жас орындаушы Ержан Саиповпен жұмыс жасадық. Евгений Чайников ескі шарапты махаббат сусыны ретінде сатқан алаяқ Дулькамараның партиясын әзірлеуде. Сондай-ақ тартымды көркем келбетті Шыңғыс Расылханның әдемі дауысы қатты ұнады. Бұдан бөлек, сіздердің пианистер штатыңыздың дайындығы тамаша, солистер өз рөлдерін жаттап алған, бірінші бөлімді түйіндегенімізге қуаныштымын.

- Қалай ойлайсыз, опера әншілері әрдайым білімін жетілдіріп отыруы қажет пе?

- Мұнымен толықтай келісемін, рас, олар өмір бойы білім алып өтеді.

- Анатолий Алексеевич, әртістің қандай қасиеттері сахна төрінде жарқырауға мүмкіндік береді?

- Бұл сұраққа жауап беру әрқашан қиынға түседі. Ең алдымен, әрине, дауыстың болуы, оқып-үйренуге деген шыдамдылық, тіл үйренуге, оның ішінде ағылшын тілін емес, нақты роман тобындағы – итальян, француз, латын тілдеріне деген бейімділік болу керек. Сахнада ойнау қабілетінің болуы, сахнадан қорықпау және дауыс диапазонының кеңдігі маңызды.

- Сіздің сұхбатыңыз ауқымды аудиторияға арналғандықтан, өнер жолын жаңа бастап келе жатқан әншілерге қандай кеңес бересіз, асқақ өнердің бір кірпіші болып қалануы үшін олар не істеу керек?

- Оқу, оқу және оқу, тілдерді үйрену, жақсы ұстаз табу, музыканы көп тыңдау, ең бастысы – оны жақсы көру!

- Опералық сюжеттерді «өзектендіруге» талпыныс байқалатын заманауи қойылымдарға көзқарасыңыз қандай?

- Ондайға мүлде қарсымын. Себебі итальяндық немесе француз операсын қоятын адамның партитураның әр жерінде «есік оң жақта» немесе «ағаш ортада», «ғибадатхана сол жақта» екенін көрсететін композитордың ескертпелері болатынынан хабардар болуы тиіс. Мен сахнадағы әр заттың орналасқан орнын ауыстыруға болады деп есептеймін, бірақ кез-келген жағдайда классикалық өнерге классикалық көзқарас сақталуы керек. Себебі классикалық өнер тұрғысынан көрермен даяр болмаса, онда театрға ләззат алуға келген адам кенеттен Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсында герцог Мантуанский сарайының орнына бассейнді, ал барда жеңіл жүрісті әйелдердің отырғанын көретін болса, онда мен мұндайға үзілді-кесілді қарсымын. Опера – бұл элиталық өнер, сахнада бәрі әдемі, қисынды болуы қажет, егер бір нәрсе қайта жасалған болса, ал Еуропада мұндай жайт жиі орын алады, онда барлығы өз мәнін жояды. Заманауи режиссерлер мынаны түсінуі керек: онсыз да кемеңгер дүниені қайта жасаумен емес, режиссурамен айналасу басты орында болуы қажет.

- Бір қызығы, сіздің алғашқы білім алған жеріңіз С.М.Киров атындағы жоғары әскери-теңіз училищесі. Теңіз айлағын опералық өнерге ауыстырғаныңыз қалай болды?

- Менің бақилық болған әкем – Алексей Гусев – Ұлы Отан соғысына қатысқан, барлауда болды, марапатталған. Мен де бастапқыда барлық жас жігіттер сияқты флотқа, кемелерге, желкенді қайықтарға, қарақшыларға, қару-жараққа қатты қызықтым, сондықтан әскери-теңіз училищесіне бардым, бірақ таразының басы музыка жаққа ауып кетті. Әкем үнемі рояльде ойнайтын, ал анам ғажап колоратуралық сопрано дауысымен ән айтатын еді, сондықтан отбасымның музыкадан хабары болды, бірақ бұл іспен мен сияқты кәсіби тұрғыда айналысқан жоқ.

Еске салар болсақ, «Махаббат сусыны» күлдіргі операсының премьерасы «Астана Опера» сахнасында желтоқсанның 25-26 күндері өтеді.


Өзгелердің жаңалығы