Антибиотик әсерінің төмендеуінен пневмония, туберкулезді емдеу қиынға соғуда

8 Қараша 2019, 17:08
3910
Бөлісу:
Антибиотик әсерінің төмендеуінен пневмония, туберкулезді емдеу қиынға соғуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының филиалы базасында микробқа қарсы төзімділікті қадағалау жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру тобының ұлттық мәжілісі өтті. 

Іс-шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерін қоса алғанда, фармакология, эпидемиология, микробиология,ветеринария саласындағы қазақстандық және шетелдік мамандар қатысты. Мәжіліс микробқа қарсы төзімділікті эпидемиологиялық қадағалаудың ұлттық жүйесін талқылау мақсатында өткізілді. Практикалық денсаулық сақтау саласына деректерді жинау, талдау және ұсыну, сонымен қатар 2020 жылға микробқа қарсы төзімділікті тежеу мәселелері талқыланды. 

Антибиотиктерге төзімділік бүкіл әлемде қауіпті жоғары деңгейге дейін өсіп келеді. Кең таралған жұқпалы ауруларды емдеу қабілеттілігімізге қауіп төндіре отырып, төзімділіктің  жаңа тетіктері пайда болып,  барлық жерде  жаппай таралып жатыр. Мысалы пневмония, туберкулез, қанның бұзылуы, гонорея, тамақтан болатын  ауруларды антибиотиктер тиімділігінің төмендеуінен емдеу қиынға соғып отыр, ал кейде  тіпті мүмкін болмай тұр. Антибиотиктерге төзімділік олардың қате және шамадан тыс қолданылуына, сондай-ақ инфекциялардың алдын алу және олармен күресудің әлсіз болуына байланысты қарқын алып отыр. 

Антибиотиктерге төзімділік адамдарда немесе жануарларда  емес, бактерияларда дамиды. Бұл бактериялар адамдар мен жануарларға жұғуы мүмкін және оның салдарынан туындаған инфекцияларды мұндай төзімділігі жоқ инфекцияларға қарағанда  емдеу қиынға соғады. 

Мамандар антибиотиктерді тағайындау және пайдалану ережелерін ұстануға шақырады. Жаңа дәрі-дәрмектерді әзірлеу жағдайында да, егер тәртіпті өзгертпесе, антибиотиктерге төзімділіктің елеулі қаупі сақталады. Тәртіпті  өзгерту – вакцинация, қол жуу, қауіпсіз жыныстық қатынас  және дұрыс тамақтану гигиенасы арқылы инфекциялардың таралуын қысқарту бойынша шараларды да  қамтуы тиіс.
СЭСМҒПО қызметкерлері Қазақстандағы микробқа қарсы төзімділік мәселелерін шешу бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстандық микробиологтар медициналық, ветеринарлық және фитосанитарлық қызметтер саласында микробиология және молекулярлық-генетикалық зерттеулер бойынша референс-орталықтар ұйымдастыру, сонымен қатар Eucast (Микробқа қарсы сезімталдықты тестілеу бойынша еуропалық комитет – авт.)  стандарты негізінде микробиологиялық зерттеулерді біріздендіру және стандарттау бойынша әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу және бактерияларға қарсы дәрі-дәрмектерді клиникалық практикада қолдану бойынша нұсқаулық әзірлеу қажет деп санайды. Бұл мәселелерді мәжілістің  фармакологтар, эпидемиологтар, клиницистер және ветеринарлар қатысқан жұмыс топтары талқылады, - делінген ақпаратта. 
Антибиотиктерге төзімділік бүгінгі күні адамзат денсаулығына, азық-түлік қауіпсіздігі мен дамуына елеулі қауіп-қатер болып отыр. Антибиотиктерге төзімділік кез келген адамға, кез келген жаста және кез келген елде әсер етуі мүмкін.

Антибиотиктерге төзімділік – табиғи құбылыс, бірақ антибиотиктерді адамдардың дұрыс пайдаланбауы және олардың жануарларға дұрыс  егілмеуі  осы процесті тездетеді.
Көптеген жұқпалы ауруларды, мысалы, пневмония, туберкулез, гонорея және сальмонеллезді антибиотиктер тиімділігінің төмендеуінен емдеу қиынға соғып отыр.
Ауруханаға ұзақ уақытқа жату, медициналық шығындар мен өлім-жітімнің өсуі антибиотиктерге төзімділіктің салдары болып табылады.



Өзгелердің жаңалығы