Шығыста апатты жағдайдағы мектеп мәселесі жоқ - әкім

19 Ақпан 2020, 11:49
1430
Бөлісу:
Шығыста апатты жағдайдағы мектеп мәселесі жоқ - әкім

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы өңір тұрғындары алдында есеп берген облыс әкімі Даниал Ахметов хабарлады.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында үш ауысымда оқытатын, сондай-ақ апаттық жағдайда жұмыс істеп жатқан мектептердің мәселесі толықтай шешімін тапқан. Өңірдегі барлық мектептер IT сыныптармен жабдықталды. Сонымен қатар 554 мұғалім қайта оқытылып, жаратылыстану-ғылыми циклдік пәндер мұғалімдерінің білімі 44-тен 66 пайызға артты, - деді Даниал Кенжетайұлы өз сөзінде.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл 129 мектепті жөндеу жоспарланған екен. Бұл мақсатқа бюджеттен 4,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Сондай-ақ 2023 жылға дейін 5,5 мың орынға арналған жеті мектепті қолданысқа беру көзделген.

Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың басынан бастап өңірегі 65 мың ұстаздың еңбекақысы 25 пайызға көтеріліп, осы мақсатты жүзеге асыру үшін бюджеттен 28 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Бұдан бөлек, көптілді білім беруді дамытудың кешенді жоспарын француз және неміс тілдерін қоса отырып іске асыру жалғасын тапты. Аталған мақсатта алдағы үш жыл көлемінде төрт мың мұғалімнің пәнді жүргізу деңгейі жоғарлатылады. Ол үшін тіл тасымалдаушылар, яғни шетелдік мамандар тартылатын болады, - деп қосты облыс әкімі.

Қоса кетсек, облыста тіл пәндері мұғалімдерін ынталандыру мақсатында жыл сайын үздік ұстаздарға 1 миллион теңгеге дейін сыйақы төлеу тәжірибесі енгізілген. Нәтиже де жаман емес, атап айтсақ, соңғы үш жылда мұғалімдердің кәсіби құзіреттілік деңгейі 14-тен 80 пайызға, ал тілдік пәндер бойынша орта мектеп оқушыларының білім сапасы 20 пайызға артты.

Өзгелердің жаңалығы