Аптасына 7 күн тынбай жұмыс жасауға даярмын – Гүлшара Әбдіқалықова

29 Наурыз 2020, 15:14
2963
Бөлісу:
Аптасына 7 күн тынбай жұмыс жасауға даярмын – Гүлшара Әбдіқалықова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңір басшысы ретінде облыстың тыныс-тіршілігімен танысуды бастағанын айтты. Ол бұл туралы әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалдым. Бұл мен үшін - аса мәртебелі әрі жауапкершілігі зор міндет. Өзім дүниеге келіп, түлеп ұшқан аймақ халқы ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Әлеуметтік желіде де көптеген құттықтаулар келіп түсуде. Ол үшін өңір жұртына алғысым шексіз, - деді Қызылорда облысының жаңа әкімі. 

Сондай-ақ өңір басшысы ретінде алғашқы жұмыс күнінің басталғанын айтты.
Облыс әкімі ретіндегі алғашқы жұмыс күнім қаладағы бірқатар нысандарды аралаудан басталды. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы мен Ұлттық сараптама орталығының өңірдегі филиалына бардым. Әлемнің көптеген мемлекетіне таралып үлгерген коронавируске қарсы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстым. Сала мамандарына облыс тұрғындарының  денсаулығын қорғау, қауіпсіздігін сақтау тұрғысында нақты тапсырмалар жүктедім.  Дегенмен, мен үшін аймақ басшысы ретінде өңірдегі әрбір саланың жұмысы маңызды. Қала ғана емес, аудан-ауылдағы ағайынның жай-күйі, тұрмыс-тіршілігі алаңдатады. Бірақ, қазіргідей төтенше жағдай кезінде аудандарды аралап, көпшілік шаралар өткізу - аса қауіпті. Біз індеттің алдын алуымыз қажет. Осы бағытта облыста барлық қажетті шаралар ұйымдастырылатын болады. Өздеріңізге белгілі, бүгін аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы науқас тіркелді. Оның тезірек сауығып, кеселден құлан таза айығып кетуіне тілектеспіз, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

"Халық үніне құлақ асатын үкімет" қағидасына сай аймақ жұртшылығының арыз-шағымы онлайн қабылдауға дайын екенін де жеткізді.
Алдағы уақытта облыс кәсіпкерлері, ардагерлері, іскер әйелдері, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері, оның ішінде үкіметтік емес ұйым өкілдері мен блогерлер және жастармен кездесуді жоспарлап отырмын. Жиындар онлайн түрде өтеді. Электронды байланыс тәртібіне қала және аудан әкімдері де көшуі тиіс. 
 Уақытпен санаспай, аптасына 7 күн тынбай жұмыла тірлік етуге даярмын, - деді Қызылорда облысының әкімі.

Өзгелердің жаңалығы