Қарағандыда 97 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға шұғыл көмек көрсетеді

21 Маусым 2020, 12:53
1813
Бөлісу:
Қарағандыда 97 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға шұғыл көмек көрсетеді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Коронавириус індетінің өршіп тұрған уақытында халыққа жедел медициналық көмек көрсететін дәрігерлерге де оңай соқпауда. Ақ халаттылар күшейтілген режимде жұмыс істейді. Тек өткен айда жедел жәрдем бригадалары облыс бойынша 38 мың тұрғынға жедел медициналық көмек көрсеткен. Оның 19 мыңы Қарағанды қаласына тиесілі.

Қарағанды облыстық жедел медициналық көмек стансаның мәліметінше, қазіргі уақытта облыс бойынша 97 жедел көмек бригадасы тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Оның 67-сі Қарағанды қаласында болса, 12 бригада - Теміртауда. Олардың барлығы күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Жедел медициналық қызмет көрсету қызметі қазіргі уақытта үлкен жүктемемен жұмыс істеуде. Әрбір бригаданың күн сайынғы жұмысбастылығы жүз пайыз деуге болады. Жедел медициналық көмек қызметкерлерінің түскі ас ішу үшін стансаға соғуға да уақыттары болмайды. Тек өткен айда біздің дәрігерлер облыс бойынша 38 мың шақыртуға барды. Оның 19 мыңы Қарағанды қаласында, - дейді облыстық жедел медициналық көмек стансасының директоры Зүлфикар Әбілқасымов.

Қарағанды облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. Әлі де болса індет жұқтырғандардың саны артып келеді. Осыған байланысты жедел жәрдем қызметкерлеріне де артылған жүк ауыр болып отыр. Ақ халаттылар демалыссыз жұмыс істеуде. Дегенмен де, тұрғындар жедел жәрдем қызметінің жылдамдығы баяулағанын айтып, шағым түсіруде. Сонымен қатар, 103-ке қоңырау шалу кезінде де бірсыпыра уақыт күту қажет екен. Осыған байланысты облыстық жедел жәрдем стансасының директоры тұрғындардан дәрігерлердің жұмысына түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытуларын сұрайды.

Бас санитардың қаулысына сәйкес жоғары температурасы бар, коронавирус індетін жұқтыруы мүмкін және COVID-19 диагнозы анықталған сырқаттарға барған жедел медициналық көмек бригадаларының барлығы дезинфекциялық тазалаудан өтуге міндетті. Дәрігерлер ғана емес, сонымен қатар, медициналық құрал-жабдықтар, жедел жәрдем көлігі де дезинфекцияланады. Осыған байланысты жедел медициналық көмек көрсетудің жылдамдығы баяулаған. 103-ке қоңырау шалу кезінде де диспетчерлердің бірден жауап бермеу жағдайлары да болады. Оған себеп, диспетчерлікке түсетін шақыртулардың көптігі. Біздің жедел желіге түскен барлық қоңырау тіркеуге алынады, бірақ жедел медициналық көмек сырқаттың жағдайына, ауру деңгейіне байланысты жіберіледі. Барлық тұрғындардан түсіністік пен шыдамдылық танытуларын сұраймыз, - дейді облыстық жедел жәрдем стансасының директоры.
Бүгінгі таңда аймақта 18 мыңнан астам медицина қызметкері алдыңғы қатарда қызмет етуде. Індетпен күреске 3 500 маман тартылған.
Өзгелердің жаңалығы