Қарағандыда еріктілер тұрмысы төмен 40 отбасыға азық-түлік таратты

19 Наурыз 2020, 10:02
2709
Бөлісу:
Қарағандыда еріктілер тұрмысы төмен 40 отбасыға азық-түлік таратты

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандылық еріктілер әлемдік пандемия уақытында аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіру, қамқор болу мақсатында азық-түлік тарату акциясын қолға алды. Еріктілерге студент жастар көмектескен.

Елімізде коронавирус індетінің таралуын болдырмау мақсатында колледждер мен жоғарғы оқу орындарының студенттері қашықтықтан оқуға ауыстырылды. Осыған байланысты студенттердің көпшілігі туған ауылдарына, қалаларына, тұрғылықты мекендеріне қайтты. Жатақханаларда тұратын немесе пәтер жалдайтын студент жастар азық-түлік қорын өздерімен бірге ала кетпей, оны қаладағы мұқтаж жандарға, көпбалалы отбасыларға тегін таратуды шешкен. Олар азық-түліктерін "Tamshy KZ" қайырымдылық қорына тапсырып, игілікті істің жалғасын табуына септесті.

16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты студенттер арақашықтықтан оқуға көшіп, олардың көпшілігі өз үйлеріне қайтты. Студенттер өздерінің азық-түліктерін біздің қайырымдылық ұйымға әкеп тапсырды. Біз де өз кезегімізде Қарағанды облыстық жастар саясаты басқармасы жастар ресурстық орталығымен бірлесе осы азық-түліктерді жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларға тараттық, - дейді "Tamshy KZ" қайырымдылық қорының президенті Жансая Каменова.
Аталған қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған бөлігіне көмек қолын созу арқылы жастарды мейірімділікке тәрбиелеуді, қиын-қыстау кезеңде адамдық пен адалдық, мейірімділік пен ізгілікті жоғалтпауды мақсат ететіндіктерін айтады.
"Saryarqa Jastary" облыстық волонтерлер штабымен бірлесіп жұмыс атқаратын волонтерлік ұйымдар осы акцияға атсалысып, облысымыздағы 40-тан аса отбасыға көмек қолын созды. Сондай-ақ бұл акция азық-түлік таратумен шектеліп қалмай, қажетті жағдайда қарттарды дәрі-дәрмекпен, тұрмыста қажетті құралдармен қамтамасыз етуге дайын. Әлемдік пандемия кезінде бір-бірімізге жанашырлық таныту еріктілердің волонтер жылы аясында атқаруға тиісті істерінің бірі болу керек деп ойлаймын, - дейді акцияны ұйымдастырушылар.

Өзгелердің жаңалығы