Қарағандыда "Менің туым" акциясы аясында автошеру ұйымдастырылды

4 Маусым 2020, 20:01
2625
Бөлісу:
Қарағандыда "Менің туым" акциясы аясында автошеру ұйымдастырылды
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан 28 жыл бұрын Елбасының жарлығымен еліміздің мемлекеттік рәміздері бекітілген болатын. Атаулы мерекеге орай елімізде "Менің туым" акциясы ұйымдастырылды, Қарағанды да бұл шарадан тыс қалмады.

Бүгін Қарағанды қаласының әкімдігі "Auto Life Karaganda" автоәуесқойлар қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен бірлесе автошеру ұйымдастырды. Аталған шараға еліміздің көк байрағымен безендірілген 20-дан астам автокөлік пен мотоцикл қатысты. Автошеру қаланың ең үлкен көшелері саналатын Бұқар Жырау даңғылы, Гоголь көшесі мен Республика даңғылының бойымен жүріп өтті.

IMG_20200604_191304.jpg

Өздеріңіз білетіндей әлемдегі пандемия жағдайына байланысты елімізде көптеген іс-шаралар кейінге қалдырылып, тоқтатылған болатын. Дегенменде, жыл сайын 4 маусым күні аталып өтетін мемлекеттік рәміздер күнінде бірқатар шаралар өткізуді ұйғардық. Мемлекеттік рәміздер күні еліміздегі басты мерекелердің бірі. Осыған орай қаламыздағы әуесқой авто жүргізушілердің «Auto Life Karaganda» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен бірлесіп автошеру ұйымдастырдық. Акцияның басты мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру, олардың еліміздің Әнұранына, көк байрағына, Елтаңбасына деген құрметін арттыру. Биыл елімізде хакім Абайдың 175, Әл Фарабидің 1150, Конституцияның 25, Қазақстан Халқы ассамблеясының 25, Алтын Орданың 750 жылдығы тойлануда. Бүгінгі мереке де осы атаулы күндердің аясында өз мәртебесінде, өз деңгейінде тойланып өтті деп есептейміз, – дейді Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Жаннұр Кеңесбаев.
IMG_20200604_161950.jpg

Авто-мото жүргізушілері қатысқан автошеру қаланың жаңа орталығындағы еліміздің көк байрағы ілінген ту тұғырдың жанында аяқталды. Акцияны өткізуге бір адамдай атсалысқан "Auto Life Karaganda" қоғамдық бірлестігінің мүшелері қаланың тыныс-тіршілігінен, еліміздің басты мерекелерін тойлаудан шет қалмайтындығын айтады.

IMG_20200604_191236.jpg
Біздің қоғамдық бірлестік құрамында 100-ден астам авто-мото көлік пен жүргізуші тіркелген. Басты міндетіміз жастардың арасында авто және мото жүргізу мәдениетті қалыптастыру. Қаламызда өтетін осындай форматтағы қоғамдық шараларға 6 жыл қатарынан атсалысып келеміз. Бүгінгі акцияға жиырмадан астам көлік қатыстыру жайлы шешім шығардық. Себебі, біріншіден, елдегі карантин жағдайы, екіншіден, бүгін жүмыс күні. Сондықтан да, басқа да автокөлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудырмау үшін акцияға қатысатын автокөліктердің санын азайтттық, – дейді "Auto Life Karaganda" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оксана Виноградова.
Жастардың бойында еліне деген сүйіспеншілігін оятатын осы мерекенің қазақстандықтар үшін маңызы зор деген пікірде автошерудің басы-қасында жүрген Оксана Виноградова. 
Аспанға қараңызшы, бүгін ол бұлтсыз, ашық, түсі ерекше әдемі болып тұр. Қазақстанда тұратын барлық халықтарды осы ерекше мейраммен құттықтап, аспанымыз ашық, еліміз тыныш болуын тілеймін. Барлығымыздың да табанымыз бір жерге тиеді. Бұл біздің сүйікті отанымыз. Сондықтанда достықта, бірлікте өмір сүрейік, - дейді Оксана.
IMG_20200604_191637.jpg

Сондай-ақ, "Менің туым" акциясы аясында қалалық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығы қаланың тұрғындарына ту тарату шарасын қолға алды. Еріктілердің көмегімен қаланың халық көп жүретін қоғамдық орындарында, көшелерінде 2000-нан астам жалаушалар таратылды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен оның жанындағы ұйымдардың қызметкерлері бүгін таңертеңгі сағат 11.00-де онлайн форматта еліміздің әнұранын орындады. Онлайн шараған бір мезетте қала бойынша 200 мыңға тарта адам қатысты.
Егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің бесігіне айналған рәміздер күнінде облысымызда көптеген патриоттық шаралар ұйымдастырылуда. Мемлекетіміздің әрбір азаматы туымызды биікке көтеріп, елтаңбамызды қастерлеп, әнұранымызды жүрегінде ұстап, шырқап жүрсе, онда жастардың елге деген сүйіспеншілігі, отанға деген махаббаты артып, жас ұрпақтың арасында қазақстандық патриоттық сезім берік қалыптасады деп сенемін. Әрқайсымыз үшін бұл мереке қастерлі мерекеге айналуы тиіс. Елтаңамыз әрдайым еңселі болсын, көк туымыз қашанда биікте, ашық аспанда желбіреп, әнұранымыздың айбыны арта берсін деген тілек айтқым келеді. Барлық қазақстандықтарды осы тамаша мерекемен құттықтаймын, – дейді "JasOtan" жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов.

Өзгелердің жаңалығы