Қарағандыда облыстық имамдар форумы өтті

22 Қараша 2019, 09:47
3278
Бөлісу:
Қарағандыда облыстық имамдар форумы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды қаласында «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты облыстық үшінші имамдар форумы өтті, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.

Облыстық имамдар форумына бас мүфтидің бірінші орынбасары, наиб мүфти "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, Қарағанды облысына қарасты қала, аудан, ауылдан 300 имамының қатысуымен өткізілген форумға облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, оқу-ағарту орталығының шәкірттері қатысты.

Форумды ашқан наиб мүфти, "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бас мүфти Серікбай қажы Ораздың құттықтауы мен игі тілегін жеткізе отырып, рухани дамудың мақсаттары мен міндеттерін айқындау, қазіргі заманға, әлемге сәйкес ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, рухани құндылықтарды меңгерудегі белсенділік турасында баяндама жасады.

Діни басқарманың қоғам алдындағы сан-салалы қызметінің бір парасы ретінде бейнеролик көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері рухани құндылықтар жайында сөз еткен соң, құжат мазмұнымен таныстыру үшін облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы баяндама жасады.

Басқосудың қоғамдық маңызын, тарихи мәнін арттыра түсетін форумда қабылданған құжаттар кеңінен насихатталды. Қорытынды ретінде ІІІ республикалық имамдар форумының Үндеуін Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Нұржігіт Мұсабеков бұқара қауымға таныстырды. Осы Тұғырнаманы негізге ала отырып, аймақта насихат тобы құрылып, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттелді.

Өзгелердің жаңалығы