Қарағандылық мұғалімдер қашықтан оқыту әдістемесімен бөлісті

18 Тамыз 2020, 15:36
2781
Бөлісу:
Қарағандылық мұғалімдер қашықтан оқыту әдістемесімен бөлісті
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қашықтықтан оқыту әдіс-тәсілдері бойынша ауыл мектептерінің мұғалімдері үшін онлайн-семинар ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық аймақтарынан 100-ден астам ауыл мектептерінің мұғалімдері қатысты. ZOOM платформасында өткен онлайн-семинарды "Ауыл" ХДПП Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырған.

Ғаламтор желісінде өткен онлайн-семинарда Қарағанды облысы Шет ауданының Ж.С.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қашықтықтан оқытуда қолданылған әдістемесімен еліміздің ауыл аймағындағы мұғалімдермен бөлісті.

Бүгінгі онлайн-семинарда пандемияға байланысты төтенше жағдай кезінде бірден қашықтықтан оқытуға көшкен уақыттағы әдістерімізді оқытамыз. Жалпы бүгінгі онлайн-семинарға 100-ден аса ауыл мектептерінің мұғалімдері қатысып отыр. Онлайн-семинарда өзіміз қолданған әдістемелердің қаншалықты нәтиже бергендігін таныстыратын боламыз. Бұл ауыл мектептерінің мұғалімдері үшін өте маңызды. Себебі, қашықтықтан оқыту әдістемесі әлі де айналымға келмеген. Сондықтан берілген ақпарат адамдарға пайдасын әкеледі деп ойлаймын. Біздің бұл әдістемеміз өткен оқу жылының төртінші тоқсанында жемісін берді. Сонымен қатар, түрлі әдістерді пайдаланып, сабақты қызықты етіп өткізуге тырыстық. Енді осы әдістерді интернет желісі арқылы қалай пайдалануға болатындығын көрсетеміз, - дейді Бану Түсіпханова.

   сурет1.jpg

Ұстаздың айтуынша, еліміздің мектептері қашықтықтан оқытуға көшкен уақытта мұғалімдерде үлкен қобалжу болды. Оларды "мен баланың сұранысынан шыға аламын ба", "балаға сапалы білім бере аламын ба", "ол баланың білімі менің кемшілігімнен, менің кесірімнен ақсап қалмай ма", "халық баласын сеніп тапсырғаннан кейін, сол сенімнен қалай шығамын" деген ой бей-жай қалдырмаған.

сурет5.jpg

Дегенменде, қашықтықтан оқытуға дайындалып, бірден кірісіп кеттік. Әрине қорқыныш болды. Ол техникалық себептерге байланысты еді. Камераға қалай түсеміз, бізді кім түсіреді деген сияқты мәселелер болды. Бірақ, осының бәрін зерделей келе, өзіміз презентация құрып, сол презентацияны сабаққа айналдырып, сол сабақтарды чаттарға жібердік, одан кейін YouTobe каналын ашып, онда сабақтарымызды жүктедік. Балалардың сол YouTobe каналдағы сабақтарды көруіне мүмкіндік жасадық, сілтемелермен бөлісіп отырдық. Жалпы барлық оқушыда ғаламторға кіруге мүмкіндік жоқ. Сондықтан да пошта мен жеткізу қызметі арқылы шалғай ауылдардағы балалармен кері байланыс орнаттық. Әдістемеге келетін болсақ, бұған дейін сабақ беруде қолданылған әдістерді басқа түрлендіріп беруге тырыстық. Мысалы, "суреттер де сөйлейді", "бір минуттағы ой" деген сияқты баланың экран алдында сөйлеуге машықтануына арналған сабақтар өткіздік. Осы арқылы балалар экран алдына өзін дұрыс ұстап, дұрыс сөйлеуі сияқты бірнеше әдістерді қашықтықтан оқыту кезінде меңгеріп алды. Осы жұмыстармен онлайн-семинарда басқа да мұғалімдермен бөлісетін боламыз, - дейді ұстаз.
сурет2.jpg

Бану Аманқызы онлайн-семинарды өткізуге мұрындық болған "Ауыл" партиясына, сондай-ақ, ауыл мектептерінде сапалы білім беріп отырған мұғалімдерді семинар өткізуге ұсынған "Өрлеу" институтына алғысын білдірді.

Бірінші тоқсанға үлкен дайындықпен кірісеміз деген ойдамыз. Еліміздің әрбір мұғалімінің электронды поштасына ҚР Білім жәні ғылым министрі хат жолдады. Хатта Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге үлкен сенім білдіріп,олардан үміт күтетіндігін жазған. Осы хатты алған әрбір мұғалім белсенді жұмыс жасайды деген ойдамын, - деді ол.
Ауыл мектептеріндегі қашықтықпен оқыту мәселелеріне байланысты шараларға қарағандылық еріктілер де қолғабыс етіп, көмек қолын созуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды "Еріктілер жылы" деп жариялаған болатын. Еріктілер жылы жеті бағыт бойынша іске асырылады, соның бірі – "БІРГЕМІЗ:БІЛІМ" бағыты. Осы бағыт бойынша Қарағанды облысының ауылдық жерлеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, құқықтық, компьютерлік сауаттылығын жетілдіру, ағылшын тілін меңгеру, түрлі олимпиадағаларға дайындау бойынша аймақта 76 ерікті жұмыс жасап жатыр. Сол жобаның аясында ауылдық жерлердегі мұғалімдердің қазіргі заман талабына сай онлайн түрде жүйелі сабақ беріп, заманауи бағдарламаларды пайдалануды үйретіп, балаларға сапалы білім беруін көрсетіп жатырмыз. Болашақта мұғалімдер оқушыларды үйретіп, ал сол оқушылар басқа да балаларға үйретеді деген сенімдеміз. Жоба бойынша әлеуметтік осал топтан шыққан 1000 оқушыны қамтып жатырмыз, - Қарағанды облысы "БІРГЕМІЗ:БІЛІМ" жалпы ұлттық жобасының ұйымдастырушысы Дәурен Рақымбек.


Өзгелердің жаңалығы