Майқұдықта ауқымды жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде

29 Тамыз 2020, 10:43
2385
Бөлісу:
Майқұдықта ауқымды жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының Магнитогорск көшесінен Карл Маркс көшесіне дейінгі жалпы ұзындығы 10,5 шақырымды құрайтын жолда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Қарағандының Майқұдығын орталықпен байланыстыратын басты күре жолдағы құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқандығын байқап қайтқан едік.

Майқұдық мен Сұрыптау шағын аудандарын қаламен байланыстыратын жолдың бойымен күніне 200 мыңға тарта адам жүріп өтеді. Бұл жол осы аудандар үшін басты транспорттық артерия саналады. Соңғы жылдары Майқұдықтың басты жолының сапасы күрт нашарлап, тұрғындар үшін қолайсыздық тудырып келген болатын. Осыдан үш жыл бұрын аталған жол орташа жөндеуден өткен, ал қазіргідей ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары бұрын жүргізілмеген.

май1.jpg

Ұзындығы 10,5 шақырымға созылатын жолды күрделі жөндеуден өткізу екі жылға жоспарланған. Биылғы жылы соның елу пайызын аяқтау көзделіп отыр. Мердігерлер жолдың асфальтты жабындысын ауыстырып қана қоймай, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салады, бағдаршамдар, аялдамалар, жарықтандыру фонарлары ауыстырады. Бюджеттен 7,3 млрд-тан астам қаржы бөлініп, жаңа технологиямен салынып жатқан жол қабатының құрылысы жайлы Ұлттық жол активтері сапасы орталығының Қарағанды облысы бойынша филиалының қызметкері баяндап берді.

май3.jpg

Магнитогорск көшесінен басталған нысанды жөндеу жұмыстары екі жылда аяқталады. Жолдың жалпы ұзындығы 10,5 шақырым болса, биыл оның елу пайызы, яғни 5 шақырымға дейінгі жол жөнделеді. Қазіргі уақытта биылғы жылға жоспарланған жұмыстардың 30 пайыздан астамы орындалған. Жоспар бойынша мұнда алты жолақты жол салынып, жол бойымен су ағар жасалады. Қазіргі уақытта жүргіншілер жолында судың жиналуын болдыртпайтын нөсер жауын канализациясы, тұрбалар салынып жатыр. Су ағарлар жолдың барлық бөлігінде салынатын болады. Сондай-ақ, бұл жолда қоғамдық көліктерге арналған жеке жолақ болады және жолдың бойымен жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынады, - дейді Ұлттық жол активтері сапасы орталығының Сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің бастығы Алексей Рассолов.

май2.jpg

Оның айтуынша, жаңа технологиямен салынып жатқан жолдың жалпы қалыңдығы 80 сантиметр болады.

Жолдың жалпы конструктивті қалыңдығы 80 сантиметр. Асфальтты-бетонды конструктивтің жабындысы үш қабатты болады. Биылғы жылы жөндеу жұмыстары күз айларына дейін жалғасады деп жоспарлаймыз, бірақ әрине барлығы ауа-райына байланысты. Ұмай сауда үйіне дейінгі аралықтағы жолды аяқтау көзделіп отыр, - дейді Алексей Рассолов.

май4.jpg

Ұлттық жол активтері сапасы орталығының қызметкерінің айтуынша, жол салуға пайдаланылатын құрылыс материалдарының барлығы қазақстандық өндірушілерден. Битум Павлодардан болса, тас материлдар қарағандылық өндірушілер, тұрбалар да жергілікті құрылыс кәсіпорындарының өнімдері.

Майқұдықтың басты жолындағы жөндеу жұмыстары тұрғындар үшін ыңғайсыздық тудыратыны белгілі. Дегенменде, тұрғындардан шыдамдылық танытуларын сұраймыз. Екі жылдан кейін бұл жерде авто және жаяу жүргіншілер үшін барынша ыңғайлы, заманауи жол пайда болады. Біздің жұмысымыз жолдың дұрыс салынуын басынан бастап қадағалау, жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау, - дейді Рассолов.

май5.jpg

Өзгелердің жаңалығы