Мемлекеттің арнайы жәрдемақысы 372 отбасыға төленді

24 Қаңтар 2020, 11:31
1934
Бөлісу:
Мемлекеттің арнайы жәрдемақысы 372 отбасыға төленді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Әлеуметтік даму және еңбекпен қамту мәселелері жөніндегі премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. 

Биыл көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмектің жаңа механизмі енгізілді. 1 қаңтардан бастап 372 мың отбасына 17 миллиард теңге арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленді. Атаулы әлеуметтік көмек те, ең кем дегенде біздің болжам бойынша 200 мың отбасыға төленеді. Бұл жердегі ерекшелік, егер жұмысқа қабілетті азаматтар ұсынылған жұмысты істемейтін болса, онда атаулы әлеуметтік көмектен алынып тасталынатын болады. Осыған қоса аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет осы айдан бастап беріле бастайды. Біздің болжам бойынша, бұл көмекпен 600 мың бала қамтылады, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, ол 2020 жылдағы ең негізгі міндет туралы баяндады.

2020 жылдағы ең негізгі міндетіміз – мұқтаж отбасындағы кем дегенде 800 мың баланы қолдау. Егер 2019 жылы бір балаға 21 мың теңге төленген болса, биыл ол 26 мың теңгеге өсетін болады. Биыл біз кем дегенде 11 мың осындай отбасыларға пәтер беруіміз керек. Былтыр 8 мың пәтер берілген еді, оның ішінде 2 мың пәтер демеушілер тарапынан болды. Оған қосымша 350 мыңға жуық жұмысқа қабілеті бар отбасыларды жұмысқа тартуымыз керек. Осы орайда сізден сұрайтынымыз, әкімдерге азаматтармен жеке жұмыс істеуге тағы бір рет тапсырма берсеңіз екен, - деп сөзін жалғады премьер-министр орынбасары.

Бұған дейін премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаевтың президент сұрағына қағазға қарамай жауап бергені хабарланды.

Өзгелердің жаңалығы