АШМ Беларусь компанияларын инвестор болуға шақырды

25 Ақпан 2021, 12:35
1259
Бөлісу:
АШМ Беларусь компанияларын инвестор болуға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Минскіде Қазақстан-Беларусь ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуі өтті. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Беларусь Республикасына екі күндік жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады ҚР АШМ баспасөз қызметі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Иван Крупкомен кездесті. Бұдан соң ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын әзірлеу жөніндегі Қазақстан-Беларусь жұмыс тобының екінші отырысына қатысты.

Сондай-ақ министр №1 Минск сүт зауытына, тауарлы-сүт фермасына және «Дзержинский» агрокомбинатының құс фабрикасына барды.

АШМ Беларусь компанияларын инвестор болуға шақырды

Бүгін Сапархан Омаров «Белгоспищепром» концернінде келіссөздер жүргізбек. Одан кейін «Минск» трактор зауытына, Беларусь Мемлекеттік аграрлық техникалық университеті жанындағы АӨК кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтына, «Беларусь ҰҒА Ауыл шаруашылығын механикаландыру жөніндегі ғылыми-практикалық орталығы» республикалық біртұтас кәсіпорнына барады.

Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінде өткен кездесуде Қазақстан мен Беларусь премьер-министрлерінің екі елдің АӨК саласындағы ынтымақтастығын тереңдету жөніндегі келісімдерін дамыту үшін Сапархан Омаров пен Иван Крупко ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда көлемін ұлғайту, аграрлық ғылымға, сүтті мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына қатысты өзара іс-қимылды арттыру мәселелерін талқылады.

АШМ Беларусь компанияларын инвестор болуға шақырды

Министр Сапархан Омаров достық қарым-қатынастағы бұл елдің ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, сапалы әрі қолжетімді және бәсекеге қабілетті азық-түлік өнімдерін өндірудегі тәжірибесі назар аудартатынын атап өтті.

Сонымен қатар министрлер екі ел президенттерінің ҚХР нарығына шығу үшін Қазақстанда бірлескен сүт өндірісін құру туралы тапсырмаларын іске асыруды талқылады.

Осыдан кейін Сапархан Омаров азық-түлік қауіпсіздігі және импортты алмастыру тақырыбы аясында бау-бақша шаруашылығы жөніндегі ынтымақтастық мәселесін қозғады. Ол Қазақстан қарқынды баққа көшетінін, күнбағыс пен сүйекті жеміс дақылдарының көшеттерін өндіретін ірі In-vitro зертханасын салу жоспарланғанын хабарлады. Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Беларусь компанияларын жобаның бірлескен инвесторы болуға шақырды.

АШМ Беларусь компанияларын инвестор болуға шақырды

Кеңейтілген құрамда көтерілген мәселелерді талқылау ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын әзірлеу жөніндегі Қазақстан-Беларусь жұмыс тобының алаңында жалғасты.

Отырыс өзара түсіністік және іскерлік әріптестік деңгейінде өтті. Тараптар агроөнеркәсіп кешені саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға ниет білдірді.

 

Өзгелердің жаңалығы