АШМ құс тұмауына қарсы вакцина дозасын көбейтті

1 Қазан 2020, 15:33
2057
Бөлісу:
АШМ құс тұмауына қарсы вакцина дозасын көбейтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құс тұмауына қарсы 7,7 млн доза вакцина бөлінді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді.

Жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша бекітілген ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес биыл ақпан айында вакцинация жүргізу үшін құс тұмауына қарсы 3,3 млн-нан астам вакцина бөлінді. Қосымша қыркүйек айында құс тұмауын жұқтыру ошақтарын оқшаулау үшін республикалық резервтен 3,1 млн доза қарастырылды. Ал осы аптаның соңында тағы 1,3 млн доза жеткізіледі. Осылайша, вакцинаның 7,7 млн дозасы өңірлерге тиесілі. Ол тегін жүргізіледі, - деді Қабдолданов.
Сондай-ақ ол бүгінгі күні мәжбүрлі вакцинация аясында Қазақстанның 8 облысының 60 ауданының 424 ауылдық округінде 1,7 млн құсқа вакцина салынған.

Сонымен қатар Қабдолданов Құс өсірушілер одағы және Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен келісілген стратегия бойынша республикалық бюджет есебінен тек қана аналық табынға, сондай-ақ, құс фабрикаларының айналасындағы 20 шақырымдық аймақтағы жеке ауладағы құстарға профилактикалық вакцинация жүргізілетінін атап өтті. Осылайша, жыл басында бөлінген препараттардың саны 100% вакцинациялауға жетті. 

Қолданыстағы ветеринарлық заңнама аясында құс фабрикалары өздері вакцинация жүргізеді. Бұл ретте бройлерлік бағыттағы құс фабрикалары бройлерлердің өмір сүру мерзімінің аз болуына (36-40 күн) байланысты вакцинация жүргізбейді. Олар тәуліктік балапандар мен инкубациялық жұмыртқаны құс фабрикаларынан алады, онда аналық мал-құс тұмауынан вакцинацияланған. Жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары аналық бас тауықтарды вакцинациялайды, - деп қосты спикер.


Өзгелердің жаңалығы