Ashyq жобасына Ақмоланың барлық өңірлері қосылады

22 Сәуір 2021, 14:25
1320
Бөлісу:
Ashyq жобасына Ақмоланың барлық өңірлері қосылады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ashyq пилоттық жобасына Ақмоланың барлық өңірлері қосылады. Сарапшылар жаңа жоба бизнес субъектілері үшін де, келушілер үшін де ыңғайлы екенін айтады.

Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері жүйенің жұмысына тексеріс жүргізді. 

Жоба бизнес субъектілері үшін де, келушілер үшін де ыңғайлы. Басты артықшылығы, бұл қауіпсіздік, өйткені кәсіпкерлік нысандары коронавирустың өршуіне байланысты шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр. Аталған қосымша «сары» немесе «қызыл» деңгейдегі тұлғалардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Егер олар жобаға қатысатын нысандарға өтуге тырысса, онда олардың деректері көрсетіледі және мәлімет бірден бізге түседі. Осыдан кейін бұл адамдарға әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін. Қосымша өте ыңғайлы. Адам үйден шықпай, өзінің «қызыл» немесе «сары» мәртебесін көріп, оны ешқайда жібермейтінін, үйде қалатынын, артық байланыс жасамайтынын, жұқтыру қаупін азайтатынын түсінетін болады, – деп атап өтті Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасова. 
Өңірде іске қосылған Ashyq пилоттық жобасы пандемияға байланысты қиын жағдайды бастан кешіріп отырған кәсіпкерлікті жандандыруға бағытталған. 
Ashyq жобасы Ақмола облысының аумағында 15 сәуірден бастап іске қосылды. Қазіргі уақытта 20-ға жуық нысан тіркелген, QR-кодты 9 нысан (7-і Көкшетауда және 2-і Степногорскіде) алды және осы жүйе бойынша толық жұмыс істей бастады. Қазір бұл кәсіпкерлерге ешқандай шектеулер жоқ: олардың сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеуге толық құқығы бар. Егер Ақмола облысы «қызыл» аймақта болса, кәсіпкер бұрынғы қалыпен жұмыс істей береді. Яғни, кәсіпкерлерге жұмыс жағдайлары жеңілдетілді, жоба оларға ешқандай шығын келтірмейді, – деп атап өтті Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жайсан Бекқожин. 
Сарапшылардың пікірінше, кәсіпкерлердің өздері де жобаны жоғары бағалап отыр. Ashyq бойынша жұмыс істегісі келетіндер көп. Өтінімдердің басым бөлігі қоғамдық тамақтану саласынан келіп түсуде. 

Кәсіпкер бағдарламаны орнатқанымен, келушілерді сканерлеусіз өткізуі мүмкін емес. Арнайы мониторинг статистиканы көрсетеді, егер үш күн ішінде келушілер тіркелмесе болмаса, кәсіпкер екі аптаға, санитарлы талап бірнеше рет бұзылса екі айға дейін бағдарламадан шығарылады, – дейді Жайсан Бекқожин. 
«Тамаша» кешені қауіпсіздік қызметінің инспекторы Әділбек Өміржанов келушілерге фитнес-орталық жаңа жұмыс кестесі туралы түсіндірілгенін айтады. 
Ashyq мобильді қосымшасы елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін жасалған. Әрбір кәсіпкерлік субъектісіне өз QR-коды беріледі. Келушілер нысанға кіре беріст QR-кодты сканерлеген кезде қауіптілік деңгейі қызыл, сары, көк немесе жасыл түс бойынша анықталады. Бір атап өтерлігі, Ashyq қосымшасына тіркелу міндетті емес. Келуші нысанға кіре берісте ЖСН арқылы тексеруге болады, - дейді Әділбек Өміржанов.

Өзгелердің жаңалығы