Асқар Мамин Премьер-министр болып қайта сайланды

15 Қаңтар 2021, 16:23
2141
Бөлісу:
Асқар Мамин Премьер-министр болып қайта сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті VII шақырылымының алғашқы отырысында белгілі болды.

Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының парламенттік фракциясының мүшелерінен Премьер-министрлікке Асқар Маминнің кандидатурасын қолдауды сұраған еді.

Айта кетейік, Асқар Ұзақбайұлы Мамин 1965 жылы Целиноград қаласында дүниеге келген.

Целиноград инженер құрылысы институтын, Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын инженер-құрылысшы, экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын «Целинтяжстрой» тресінде монтаждаушы болып бастаған.

1996-2008 жылдар аралығында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Көлік және коммуникациялар вице-министрі, Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, Көлік және коммуникациялар министрі, Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

2008 жылғы сәуірден бастап – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті.
2016 жылғы 9 қыркүйектен бастап – ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары.  

2019 жылғы 25 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-министрі болып тағайындалды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен (1998), «Құрмет» орденімен (2006), екінші дәрежелі «Барыс» орденімен (2011), Әулие князь Мәскеулік Даниилдің үшінші деңгейлі орденімен (2010), Француз Республикасының Құрметті Легионы (2013) және Латвия Республикасының «Таным кресті» екінші деңгейлі орденімен (2013), Испания Корольдігінің «Азаматтық еңбегі үшін» бірінші деңгейлі орденімен (2014) марапатталған. Астана қаласының құрметті азаматы (2011), Құрметті теміржолшы (2012), Қазақстанның құрметті құрылысшысы (2013).

Осы уақытта Ақорданың ресми сайтында «Асқар Маминді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі қызметіне тағайындау туралы» Жарлық шықты. 

Асқар Ұзақбайұлы Мамин Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалсын, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы