Тоқаев: Ассамблея – бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым

28 Сәуір 2021, 17:31
1634
Бөлісу:
Тоқаев: Ассамблея – бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Ассамблея - бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым. Басқа мемлекеттер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастады. Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «береке басы-бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан 30 жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл шын мәнінде мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру оңай шаруа емес. Бұл табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз, - деді ол.

Мемлекет басшысы коронавирус дерті қыспаққа алған қазіргі күрделі кезеңде халықтың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін бір ел, бір ұлт болып жұмылу керегін айтты.

Ассамблеяның алдында жаңа міндеттер тұр. Татулық пен келісім саясатының лайықты жалғасын дамыту баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі, бүгінгідей алмағайып заманда кез келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрқашан бекем болуы тиіс, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаев ҚХА басқару құқығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған болатын. Ал, Тоқаев Назарбаевқа жаңа қызмет ұсынды.


Өзгелердің жаңалығы