Астаналық бірқатар ерікті "Халық алғысы" медалін алды

30 Қыркүйек 2020, 20:57
1819
Бөлісу:
Астаналық бірқатар ерікті "Халық алғысы" медалін алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кездесуде құрамына волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстардың барлық өкілі кіретін бірыңғай платформа құру мәселесі талқыланды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Инстаграм парақшасында жазды.

Қалалықтар пандемия кезінде ұйымшылдық танытты, жақындарына көмектесіп, COVID-19 таралмауына өздерінің үлесін қосты. Еріктілер бақылау-өткізу бекеттерінде кезекшілік атқарды, дезинфекция жасауға қатысты, жедел штабта да жұмыс істеді. Азаматтарымыздың тұрмысы төмен санаттарына дәрі-дәрмек, азық-түлік пен қорғануға арналған заттарды таратты. Бірлескен еңбектің арқасында жағдайды тұрақтандыра алдық. Мемлекет басшысы қайырымдылық, волонтерлік ұйымдар және бизнес саласы өкілдерімен онлайн кездесуде қайырымдылық пен волонтерлік пандемия кезінде жалпыұлттық деңгейге жетіп, әлеуметтік нормаға айнала бастағанын айтты. Президент волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық және меценаттықты қолдау – мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдығы екенін атап өтті - дейді қала басшысы.

Елбасы бастамасы бойынша құрылған «Біз біргеміз» қоры мыңдаған отбасыға қаржылай көмек көрсетті, қалалықтар жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытты.

Кездесуде құрамына волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстардың барлық өкілі кіретін бірыңғай платформа құру мәселесін талқыладық. Бұл ешкім шет қалмас үшін мұқтаж адамдарға жеке-жеке көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса бөлінген көмектің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ волонтерлік ұйымдарды дамыту және қолдаудың бірқатар бағыты жайлы сөз қозғадық. Бүгін Президент атынан белсенді еріктілер мен азаматтарға «Халық Алғысы» медалін табыстадым. Осындай қиын кезеңде аянбай еңбек етіп, өзара жәрдемдескендеріңіз үшін алғыс айтамыз, - деп жазды Алтай Көлгінов.

Өзгелердің жаңалығы