Бас жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Қазақстанға шақырды
15 Ақпан 2020, 00:15 83

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Қазақстанға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенге жасаған жұмыс сапары барысында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Кездесуде мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, коммуникация, ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты ықпалдастық жайында әңгімелесті. Тараптар Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін теңіз арқылы шектесетін елдердің өзара ынтымақтастығы арта түскенін айтты. Сонымен қатар олар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Әзербайжан – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы және Каспий аймағындағы негізгі серіктестерінің бірі. Екі ел арасында берік ынтымақтастық және барлық сала бойынша ықпалдастық орнады. Бұл қарым-қатынастардың негізін біздің көшбасшыларымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиев қалады. Қазақстан Әзербайжанмен арадағы байланыстарды жоғары бағалайды, – деді Қазақстан Президенті.
Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынастарына оң баға беріп, екі ел арасындағы тауар айналымының артып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекеттеріміз арасындағы екіжақты байланыс жоғары деңгейде дамып келеді. Бауырластыққа және достыққа негізделген ынтымақтастығымыз одан әрі нығая береді деп сенемін, – деді Ильхам Әлиев.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Фото: дереккөз
Загрузка...