Бас жаңалықтар
Атырау облысында карантин режимдері қайта күшейтілді
11 Шілде 2020, 21:10 331

Атырау облысында карантин режимдері қайта күшейтілді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Себебі, аймақта қауіпті инфекция жұқтырғандар көрсеткіші 7,5 пайызға жеткен. Шілде айының 12-21 аралығында өңірде азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан бөлек сауда орындарының барлығы жабылады. Жергілікті жедел штаб мүшелері бұл іс-шараларды түсіндіру мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді.

Қазір Атырау облысында індет ушығып, тұрақталмай жатыр. Соңғы бір тәулікте 243 науқас тіркелді. Карантин режимді күшейтудегі мақсатымыз – осы ахуалды тұрақтандыру. Облыста ірі өніріс орындары бар. Оларда вахталық ауысыммен жұмыс жасайтын жұмысшылар әр ауысым сайын тест сынамаларын тапсырады. Қазір қалада 6 зертхана жұмыс жасайды. Бұған дейін аймақта ғылыми зерттеу орталығы мамандары науқастанып қалып, біраз қиындықтар болған еді. Енді оның барлығы қалыпқа келді. Мұның барлығы халықтың денсаулығы үшін жасалып жатыр. Сондықтан барлық атыраулықтардан қолдау көрсетулерін сұраймыз, - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Енді облыстағы барлық азық-түлік сауда нүктелері күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып және жұмыс уақытын сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс жасайды. Ал қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар, сондай-ақ, тұрмысқа қажетті тауарлар сататын дүкендер тек жетізіп беру қызметін пайдалана алады.
Ұйымдар мен кәсіпорындарды қоспағанда, халыққа қызмет көрсететін орталықтар, оған қоса, көлік жуу, автомобильдерді жөндеу, тұрмыстық техника және басқа да нысандардың қызметіне тыйым салынады. Алматы қаласы, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары бағыттары бойынша жолаушылар темір жол тасымалдары тоқтатылды. Бизнес орталығы объектілері, сондай-ақ, адвокаттардың, нотариустың, бухгалтерлік және кеңес беру қызметтері, жылжымайтын мүлік агенттіктері, жарнама агенттіктері қызметі уақытша жабылады, - дейді Атырау облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Сүлеймен Әубәкіров.
Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша аймақтағы медициналық мекемелердің барлығында дәрі-дәрмектер жеткілікті.
Облысымызға 4 және 9 шілде күндері "СК Фармация" компаниясы арқылы дәрі-дәрмектер келді. Олардың құны 2,5 млрд теңге. Оның барлығы қала, аудандағы емдеу мекемелеріне таратылды. Қазір облысымызда 314 дәріхана бар, оның ішінде 223 қалада орналасқан. Жуықта 220 млн теңгеге 400-ден астам түрлі препараттар жеткізіліп, дәріханаларға таратылды. Бірақ олардың барлығы жеке меншікте. Дегенмен барлығын қадағалап жатырмыз, - дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров .


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...