Атырауда 100 млн теңгенің балығын аулаған браконьерлер ұсталды

20 Қыркүйек 2020, 07:28
1517
Бөлісу:
Атырауда 100 млн теңгенің балығын аулаған браконьерлер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Амангелді елді мекенінің маңында «Байда» және «Бударка» жүзу құралдарымен заңсыз балық аулаған 2 азамат ұсталды.

ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүзу құралдарын қарап-тексеру кезінде шекара жасағы жалпы салмағы 245 келі 64 дара, аулауға тыйым салынған бекіре тұқымдас балықтарды анықтады. Сондай-ақ, құқық бұзушылардың ауларды орналастырған жерлерді оңай анықтау үшін қолданатын браконьерлік аулау құралдары мен GPS навигаторлары табылды.

Түнде әрекет еткеніне қарамастан, браконьерлерді шекара жасағы дер кезінде анықтады. Атырау облысы бойынша Шекара қызметі департаменті шекара жасағы құрамының үйлесімді іс-қимылдарының арқасында мемлекетке 100 миллион теңгеден астам сомаға келтірілген залалдың алдын алды, - деп жазылған ақпаратта.
Қазір ұсталған адамдарға қатысты ҚР қылмыстық заңнамасына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Алынған балық аумақтық ішкі істер органдарына берілді.

Өзгелердің жаңалығы