Аулаларды абаттандыруға тұрғындар да көмектесті

7 Қыркүйек 2020, 19:40
2234
Бөлісу:
Аулаларды абаттандыруға тұрғындар да көмектесті
PHOTO
Фото: автордан

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының шарапатын Жамбыл өңірі де көруде. Мәселен, Тараз қаласындағы аулалардың абаттандырылуы көне шаһардың көркін кіргізді.

3.png

Облыс орталығындағы Абай көшесі, №159 А, Әйтеке би көшесі, №30 және Сәтпаев көшесі, №18 мекен-жайларында орналасқан аулалардың абаттандырылу жұмыстары, біріншіден, жергілікті тұрғындардың екі қолына бір күрек тауып берсе, екіншіден, осында тұратын азаматтардың көңілінен шығып жатыр. Нақтылай айтқанда, Абай көшесіндегі ойын алаңында бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған. Тіпті астына резеңке жабынды тартан төселіпті.

4.png

Аталған жұмыстарды жүргізген мердігер компания «ЕрК Астана» ЖШС Әйтеке би көшесіндегі №30 үйдің де алдындағы ауланы абаттандырып, мерзімінен бұрын пайдалануға берген. Олар нысанды жоспарға сай қайта жаңғыртуда тұрғындардың уәжіне құлақ асып, солардың қалауынша жабдықтаған. Бұған риза болысқан тұрғындар өздері де мердігерлерге қолұшын беруге тырысуда.

5.png

Осы үйде 1982 жылдан бері тұратын Мадина Атажанованың сөзіне сүйенсек, көршілер өзара бірігіп гүлдер отырғызып, пәтер иелері тастаған, алайда әлі де қолданысқа жарайтын заттардан көрнекіліктер құраған. Тіпті мұнда сакура ағашы да бар екен. Олар енді «Үлгілі аула» байқауына қатыспақ ниетте.

untitled1.png

Ал, «ЕрК Астана» компаниясының директоры Елнар Шлеев ЖШС бағдарлама аясында жөндеуді мойнына алған осындай 35 ауланың қазір 6-уы ғана бітпегенін жеткізді.

Сәтпаев көшесіндегі №18 үйдің алдында талай жылдан бері сұрықсыз күйде жатқан алаңды биыл «Керуен-Сервис» ЖШС қолға алып, оны балалар ауласына айналдырыпты. Мұнда да жұмыстар өз уақытысымен жүргізіліп, 10 тамызда пайдалануға тапсырылған.

Шаһарда осындай 1200-дей аула жөндеуді қажет етсе, биыл соның 163-інде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазір олардың 29-ы қолданысқа беріліп отыр.

Барлық қаражат көлемі 12 миллиард 289 миллион теңгені құрайтын нысандар бойынша 16 мердігер жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы да жергілікті компания және пайдаланылып жатқан құрылыс материалдары да өз өңіріміздікі, - дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Сәкен Балтабеков.

Оның сөзінше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 25 мамырда басталған қаладағы 163 ауланың барлығы да енді 15 қыркүйекке дейін аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы