«Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасын талқылады

9 Қазан 2020, 20:00
4347
Бөлісу:
«Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасын талқылады
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев пен партияның барлық облыстық филиалдарының төрағалары, саяси кеңес мүшелері Түркістан қаласында бас қосты. 

Алдымен партия мүшелері Түркістан өңіріндегі киелі жер Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Яссауи кесенелерін зиярат етті. Бұдан кейін Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы университеттің мәжіліс залында партияның Саяси кеңес мүшелері зиялы қауым өкілдерімен бірге «Ауыл» партиясының Ұлттық құндылықтарды дамыту туралы тұжырымдамасын талқылады. 

«Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасын талқылады

Партия төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, партия өкілдері қазіргі таңда еліміздегі ұлттық құндылықтардың жай-күйіне алаңдаулы. 

«Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасын талқылады

Ұлттық болмысты сақтау, отбасылық құндылықты қорғау, мемлекеттік тіл және рухани мәселелер ешқашан партияның назарынан тыс қалған емес. Қазірге дейін партия белсенділері еліміздің әр аймағынан осы мәселелерге қатысты зиялы қауым өкілдерімен келелі кездесулер мен әртүрлі семинар-кеңестер өткізді. Үкімет басшысының атына еліміздегі отбасы институтына байланысты депутаттық сауалдар жолдадық. Бүгін өздеріңізбен бірге аталған тұжырымдаманы қабылдау туралы шешім шығарып, талқылауға жиналып отырмыз, - деді партия төрағасы.
«Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасын талқылады

Тұжырымдаманың жобасын талқылауға Құлбек Ергөбек, Жабал Ерғали, Шерубай Құрманбайұлы мен басқа да қоғам қайраткерлері қатысып, өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. 

Кездесуге қатысушылар қазіргі қоғамдағы отбасылық құндылықтардың құлдырап бара жатқанын айтып, өз алаңдаушылықтарын білдірді. 

«Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасын талқылады

Қасиетті Түркістан жерінде тұжырымдама талқыланып жатыр. Ал енді бұл ұрпаққа не береді? Ұлтты сақтап қалатын, бәсекеге қабілетті, өзінің тілін, мәдениетін, болмысын өміршең ету үшін сол ұрпақтың  бойына, санасына сіңіру керек. Жаһандану заманында балабақша мен мектеп оқушыларына  осыны сіңірсек халқының қасиеті мен ұлттық өнері дарыған, әдебиеті мен мәдениетіне сусындаған, тарихын білетін ұрпақ өсіп шығады. Ал ондай ұрпақтың өз халқына қызмет етпеуі мүмкін емес. Ондай ұрпақ отаншыл, елін, жерін қорғайды. Қазір көбі ағылшын тілін үйренгісі келеді. Мансап үшін онсыз да дәурені жүріп тұрған ағылшын тілін таңдаса ұлттық құндылықтар екінші, үшінші орынға ысырылып қала бермек. Отыз жыл орыс тілінде тәрбиеленгендер енді қазақ болғысы келсе де кеш. Тарихымыздағы сол қателіктер қайталанбас үшін сабақ алуымыз керек, - деді филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлы. 
Ол өз сөзінде гаджет, смартфондарды ата-әже, келін, балаларға арналған ұлттық өнерді насихаттайтын контентпен толтырып тастаса бала рухани дүниелерімізбен сусындап шығатынын атап өтті.  

«Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасын талқылады

Ресейлік патшаның отарында болғанбыз. Одан кейін коммунистік партияның құрамында болдық. Тәуелсіздік алған соң өз-өзімізге келдік. Ұлттық құндылықтарды ұрпаққа қалдыру парызымыз. Жаһанданудың әсерінен көмескіленіп бара жатқан этно-мәдени мұраларымызды сақтап қалу да өте маңызды, - деді қоғам қайраткері Жабал Ерғали.
Жиында тұжырымдаманың жобасы жан-жақты пысықтала түсті. Жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтардың қалыптасуы отбасының тәрбиесіне байланысты екені сөз болды. 

«Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасын талқылады
Ата-әжеден тәрбие алу, әке-шешені сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қыз баланы төрге шығарып құрметтеу, көршімен тату болу, ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасуымыздың алтын діңгегі, - деді Әли Бектаев. 

Келелі жиын соңында «Ауыл» ХДПП нақты он тұжырымдама ұсынды. Онда айта кетсек, арнайы «Отбасы» телеарнасы, ұлттық мектеп, 5-сыныпқа дейін тек ана тілінде оқу, ұлттық тәрбие кафедрасын ашу, Моңғолия, Қытай еліндегі қандастарға этнографиялық ғылыми экспедиция ұйымдастыру т. б. маңызды ұсыныстар қамтылған. 

Өзгелердің жаңалығы