Ауыл тұрғындарына кәсіп ашу үшін 64,7 млн теңге берілді

4 Тамыз 2020, 20:52
2043
Бөлісу:
Ауыл тұрғындарына кәсіп ашу үшін 64,7 млн теңге берілді

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. "Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру" жобасына өңірдегі 10 ауданнан 11 пилоттық ауылдық округке қарасты 25 елді мекеннің тұрғындары қатысуда.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Аманов айтты. Оның сөзіне қарағанда, аталған жобаның бес бағыты бойынша жалпы 8 503 млн теңге несие қаражаты игеріліпті. Мәселен, "Тараз" ӘКК" АҚ арқылы 7 200 млн теңгеге  2,5 %-бен 2 489 өтінім қаржыландырылған. Ал негізгі жоспар 2 459 өтінімді қанағаттандыру болған екен. Ал "Тараз" МҚҰ» ЖШС- арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен техникаларына 1 303 млн теңге несие 5 %-бен үлестірілген.

Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін 11 ауыл шаруашылығы кооперативіне 125,9 млн теңге беріліп, олар қажетті тұқымдарын, тыңайтқыштарын, химиялық қорғаныш заттарын сатып алды. Бұл бағыт бойынша 932 гектар жер көлемі игеріліп, 7 856 аула қамтылды. Осы шаруаның есебінен бүгінде сомасы 1,1 млрд теңгені құрайтын қосымша 21 мың тонна жеміс-көкөніс және бақша өнімдері өндірілу үстінде. Сонымен қатар 16 жылыжай құрылысына 138,1 млн тенге қаржы қаралып, қазіргі таңда құрылыстары жүргізіліп жатыр. Бұл алқаптардан биыл – 150 тонна, келесі жылы 320 тонна өнім түсуі керек, - деді Қайрат Тілеубайұлы.

Жауапты маман өңірде мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алуға 2 454 өтінім мақұлданып, 44 850 мал басы әкелінгенін де мәлімдеді. Оның ішінде ұсақ мал 26 429 басты құраса, жылқы – 6 858 бас, құс – 3975 бас екен. Ал жұмсалған қаражат көлемі – 6 905 млн теңге. Сатып алынған барлық ауыл шаруашылығы жануарлары қажетті ветеринариялық бақылаудан өткен және тиісті бірыңғай дерекқорға тіркелген.

Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану үшін жоспарға сәйкес 10 325 гектар жерді игеруге қажетті сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алу үшін 230,1 млн теңгеге өтінім түсті. Бұл қаражатқа 829 тонна тұқым, 688 тонна тыңайтқыш,  химиялық өндеу жұмыстарына арналған 14,4 мың литр препарат сатып алынады. Бүгінде аудандардағы егілуге тиісті 10 325 гектар жердің барлығы-дерлік айдалып, дәнді масақты және көпжылдық шөптер егілді, - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.  

Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы кооперативтері 1 038,4 млн теңге көлеміндегі несиелік қаржыға 192 дана техника сатып алыпты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу үшін 64,7 млн теңгеге 12 жоба қаржыландырылып, іске асырылып жатыр екен. Мұның ішінде үшеуі кондитерлік цех болса, құны 10 млн теңгеге жақындайды. Біреуі – шұжық цехы, құны – 10 млн теңге. Ал екеуі бал өндіру нысаны, 5,5 млн теңгеге бағаланған, үш жоба – наубайхана, оларға 20 млн теңге жұмсалмақ. Содан соң шырын өндірісі мен ірімшік өндірісі бар. Алғашқысына 9,6 млн теңге жоспарланса, кейінгісіне 8,5 млн теңге бөлінген. Көпжылдық шөптердің тұқымдарын сұрыптау жобасына 1,4 млн теңге қаралыпты.

Бұл жобалардан нақты нәтижелер күтіп отырмыз. Мәселен, кем дегенде 8 мыңға жуық отбасын немесе 43 мыңдай адамды тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз етеміз. Олар биыл ай сайын орташа есеппен 104 мың теңге шамасында табыс табатын болса, келесі жылы 156 мың теңгеден нәпақаларын айырады. Ал 2022 жылдан бастап 200 мың теңгеден жоғары жалақы алады, - деп сендірді Қайрат Аманов.

Ол 2021 жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін 4,3 млрд теңгеден 9,3 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отырғанын да мәлімдеді. Ет және сүт бағытындағы байланыстырылған 13 қайта өңдеу кәсіпорнының жүктемесі 20-25 %-ға артады деп күтілуде.

Жамбыл облысында іске асырылып жатқан пилоттық жобаны қосымша 20 округте, әр ауданнан 2 округтен, одан әрі іске асыру үшін 3 631 жобаға 11,5 млрд теңге қажет. Таңдалған округтердегі 11,1 мың аулада халықтың жалпы саны 63,5 мың адамды құрайды. Бұл жұмыстың да нәтижесі жаман болмайтынына сенімдімін. Өйткені, жоспарлы шаралар іске асқан жағдайда 3 631 адам келесі жылдың қорытындысы бойынша айына 45,6 мың теңгеден 162 мың теңгеге дейін тұрақты табыспен қамтамасыз етілетін болады, ал 2022 жылы бұл табыс 2 есеге ұлғаяды. Әлгі 3 631 азамат жеке кәсіпкерлерге айналады да, олар міндетті зейнетақы, салық және басқа да төлемдерді төлейді. Сонымен қатар ауылдық округтерде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2,2 есеге немесе 2,8 млрд теңгеден 6,1 млрд теңгеге дейін атады. Сүт және ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі 20-30 %-ға өсетініне де сенімдімін, - деді жауапты маман. 

Өзгелердің жаңалығы