Аймағамбетов мұғалімдердің біліктілігін арттырудағы мәселелерді көтерді

20 Сәуір 2021, 13:27
2802
Бөлісу:
Аймағамбетов мұғалімдердің біліктілігін арттырудағы мәселелерді көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында мұғалімдердің біліктілігі қалай арттырылатыны туралы айтты.


Біліктілікті арттыру жұмысындағы басымдықтарды өзгерту керек екені анық.

Біріншіден, соңғы жылдары пән бойынша курстар өте аз өткізілді. Көбінесе әдістеме бойынша курстарды өткіздік. Бірақ пән бойынша курстар өте аз өткізілді. Сондықтан қазір педагогтар пән бойынша курстар өткізуді сұрап отыр.

Екіншіден, ақысыз курстармен, 5 жылда бір рет өткізілетін курстармен мұғалімдер қамтылмай отыр. Үшіншіден, бағдарламаларды толығымен жаңарту керек. Бір бағдарламамен бірнеше жыл жұмыс істеуге болмайды. Олар жаңартылып отыруы керек. Сондай-ақ онлайн реестрді қалыптастырып, ол жерде барлық бағдарлама енгізіліп тұруы керек. Ол мұғалімге де, қоғамға да қолжетімді болуы керек, - деді ол.

Министр «нені үйретіп жатырмыз, қандай бағдарламалармен үйретіп жатырмыз» деген сұрақтарға жауап беруі керек екенін айтты.

Төртіншіден, қашықтан оқыту технологиясын қолдануымыз қажет. Пандемия жағдайында қашықтан оқыту технологиясына бейімделіп те қалдық. Сол себепті кейбір курстарды мүмкіндігінше қашықтан оқыту форматында ұйымдастыру маңызды, - деп атап өтті Аймағамбетов.

Бесіншіден, курс өткеннен кейін де қолдау көрсету керек.

Алтыншыдан, директорларға арналған және цифрлық сауаттылықты дамыту үшін арнайы курстарды жүргізу бойынша тапсырма бердік. Бұл жұмысты да белсенді жүргізуге тиіспіз, - деп түсіндірді БҒМ басшысы.



Өзгелердің жаңалығы