Қазақстанда кейбір жеке балабақшалар жабылуы мүмкін

26 Мамыр 2020, 12:20
2939
Бөлісу:
Қазақстанда кейбір жеке балабақшалар жабылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елдегі пандемия жағдайында жеке балабақшаларды алаңдатқан мәселелері онлайн конференцияда талқыланды. 

ТЖ жарияланғанға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп келген жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдар еңбекақы, коммуналдық қызметтер, жалдау және салық төлемдері бойынша үлкен мәселелермен бетпе-бет келуде. Осыған сәйкес, "Атамекен" ҚР ҰКП жеке меншіктегі балабақша иелерімен онлайн кездесу өткізді. 

Қызылорда облысындағы балабақшалардың жағдай туралы Қызылорда облысы бойынша "Канон" филиалының директоры Мешукова Наталья айтып берді.
Біздегі Жаңақорған, Жалағаш және тағы да басқа аудандарындағы кейбір жеке меншік кәсіпкерлерге ақша төленбейді және дотация болмайды деп хабарлап жатыр. Осы арқылы кәсіпкерлер үшін қандай қиыншылық көріп отырғанын ешкім түсінбейді. Қызылорда қаласындағы жағдайға тоқталатын болсам, балабақшадағы кезекші топтың барлығы дерлік ашылмады. Ал ашылған кезекші топтарға бірен-саран ғана бөбектер баруда. Кейбір балабақшалар ата-аналардан қолхат алды, яғни баласы балабақшаға барады деген. Ал іс жүзінде тек қана бір-екі бала ғана келуде. Сондықтан балабақшаның бір-екі бала үшін ғана жұмыс істеуі ақылға қонымсыз, - деді ол.

Филиал директоры жеке балабақшаларға жабылу қаупі төніп тұрғанын айтты.
Біздің ауданды білесіздер, шешілмеген мәселелер артып жығылады. Қазірдің өзінде біраз аудандардағы кәсіпкерлерге ешқандай көмек көрсетілмейтіндігін, балабақшада бала саны 11-ге жеткен уақытта ғана қолдау білдіретіндітерін жеткізіп отыр. Сонда екі-үш бөбектермен отырған балабақшалар не істейді? Қазіргі дағдарыс  кезінде кәсіпкерлер қайтеді? Көптеген балабақша жалға беріліп отыр. Жалға берілмеген жеке меншік өзінің мекемесі бар кәсіпкерлер еңбек кодексіндегі әрбір жұмысшыға 42 500 теңге беруі міндетті. Бұл жағдайда кәсіпкерлер не істейді? Егер де кәсіпкерлер палатасы бізге көмектеспесе, мемлекет теріс айналса жекеменшік балабақшалардың жабылары сөзсіз, - деп ағынан жарылды филиал директоры.

Оған қоса қазақстан облыстарының мектепке дейінгі мекеме өкілдері өз облыстарындағы балабақшалар жайында толғандырған мәселелерін айтып, кейбір аудандарда балабақшалардың жабылу қаупі төніп тұрғандығын жеткізді. Сонымен қатар, қазір кейбір жекеменшік балабақшалардағы жұмысшылардың  жұмыссыз отырғандығын айтылды. Тіпті, кейбір аудандарда балабақшаларда кезекші топтардың өзі де жоқ екен. 

Айта кеткен жөн, қазіргі уақытта елде 10 314 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде жеке меншік-4 428. Мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылған балалар саны 880,8 мыңды құрайды, оның ішінде жеке меншік – 339 мың 1-6 жастағы балаларды қамту республика бойынша 77,1% – ды, 3-6 жастағы балаларды қамту 95,2% – ды құрайды.




Өзгелердің жаңалығы