Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні

1 Маусым 2020, 10:39
2824
Бөлісу:
Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы 1 маусым #NS_balalarkuni_bilim хештегі бойынша онлайн форматта ұйымдастырылады.

1 маусым бүкіл әлемде Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтеді. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды.

Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілді. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.

Бұл күн - әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Сондай-ақ, қоғамды мүмкіндігі шектеулі, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн.

Түрлі елде бұл күнді тойлауға қатысты көзқарас әрқалай. Мысалы, аборт жасатуға қарсы адамдар бұл күнді жаңа туған балалардың өмір сүру құқығын қорғауға арналған акциялар өткізу арқылы атап өтеді. АҚШ, Чехия, Литва, Беларусь сияқты елдерде олар түсік тастау проблемасына қалың жұртшылықтың назарын аудару үшін бірінші маусымда жиналады. 

Енді бір елдерде бұл күні балалар құқығын қорғауға арналған пікірталастар, конференциялар өткізіледі. Сонымен қатар, жаңа балалар фильмдері, телехабарлар көрсетіледі. Сондай-ақ, балаларға арналған спорттық жарыстар, түрлі ойын-сауық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Халықаралық балалар күнінің өзінің арнайы байрағы бар. Өсімді, үйлесімдікті, балғындық пен шұрайлылықты білдіретін жасыл фонда көрсетілген Жердің айналасына қызыл, сары, көк және ақ стилизацияланған мүсіндер орналастырылған. Адамдардың бұл пішіні алуандылық пен төзімділікті білдіреді. Ортаға орналастырылған Жердің белгісі - ортақ үйіміздің символы.

Қазақстанда 1 маусым күні балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі.

Биылғы 1 маусым ерекше аталып өтпек. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Барлығы балалар үшін" атты республикалық акция #NS_balalarkuni_bilim хештегі бойынша онлайн форматта ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, Халықаралық балаларды қорғау күні аясында білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту бағдарламасы кезінде мектеп жасындағы балаларға арналған интернет байқаулар, акциялар, челлендждерді қамтитын іс-шаралар жоспары әзірленді. Интернеттегі дереккөзге сілтеме жасай отырып барлығы 65 шара өткізу көзделген.

Instagram желісінде күні бойы балалар писхологы, ішкі істер органдарының өкілдері, білім саласының мамандары, заңгерлер және ҮЕҰ қатысуымен тікелей эфир өтеді. Онда ата-аналар мен балалар қажетті кеңес пен құқықтық көмек ала алады.



Өзгелердің жаңалығы