Балаева Халықаралық ҮЕҰ күнімен құттықтады

27 Ақпан 2021, 13:25
2170
Бөлісу:
Балаева Халықаралық ҮЕҰ күнімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шара жыл сайын 27 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аясында өтті.

Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Министр Аида Балаева өзінің құттықтау сөзінде бүгінгі Халықаралық ҮЕҰ күні Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын және ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Ол өз елінің азаматы болу – бұл үкіметтік емес ұйым жетекшілері де жан-жақты түсінетін жауапкершілік екенін атап өтті. 

Өздеріңіз жақсы білесіздер, халқымызда «Азамат» деген ерекше қастерлі ұғым бар. Бұл мәртебе – біздің адамға, төлқұжатпен берілмейді. Ең алдымен, өрелі ісі, айналасына көрсеткен жанашырлығы, елі мен туған жеріне жасаған қалтқысыз қызметі үшін беріледі. Содан болар – азамат болу, ең алдымен, үлкен сын. Елдің алдындағы сын,- деді министр.

Аида Балаева Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үкіметтік емес ұйымдар Семей ядролық полигонын жабу, Кіші Аралды қалпына келтіру, ана мен баланы қорғау сияқты жаһандық міндеттердің бастауында тұрғанын еске салды.

Сонымен қатар, министр кездесу халықаралық ҮЕҰ күнін атап өту үшін ғана емес, сондай-ақ үкіметтік емес секторды дамытудың маңызды мәселелері бойынша өзекті тақырыптарды талқылау, тұшымды ой-пікірлерді ортаға салу үшін өтіп жатқанын атап өтті.


Өзгелердің жаңалығы