Балалардың экология тақырыбына арнаған суреттері көшеге ілінді

2 Маусым 2020, 12:39
4414
Бөлісу:
Балалардың экология тақырыбына арнаған суреттері көшеге ілінді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда Абай даңғылы бойына балалар үйінің тәрбиеленушілері салған суреттер ілінді. Суреттер Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған.

Қоршаған ортаны қорғау күні – 5 маусым. 1972 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген. Осы атаулы күнге орай Қостанай облысы экология департаменті жас суретшілер онлайн байқауын өткізген болатын. Оған отбасылық үлгідегі "Жанұя" ауылы мен Рудный балалар үйінің жеткіншектері белсене қатысты.
Бізге көптеген жұмыстар келіп түсті. Балалар қарындаштар мен бояулар арқылы қоршаған ортаны қорғау, болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстар мен табиғат байлығын сақтау қажеттілігі туралы еске сала отырып, өз ойларын жеткізе білген, - дейді Қостанай облысы бойынша экология департаментінің өкілі Сергей Мұқашев.

конк1.jpg

Сайыста 28 бала бақ сынаған. Олар "12 жасқа дейін" және "13-18 жас аралығы" деп екі санатқа бөлінді. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша алты жеңімпаз анықталды.

12 жасқа дейінгілер арасынан Андрей Фролов, Гунель Чаус, Игнат Парфенов жүлдегерлер атанса, үлкен буыннан Юлия Мазур, Карина Бурбаева және Дамир Сейдахметовтердің жұмысы үздік деп танылды.

Жеңімпаздар мен басқа да қатысушыларға арналған сыйлықтар, грамоталар балалар үйіне жіберілді. Сонымен қатар, жас өнерпаздардың салған суреттері Абай даңғылындағы баннерге ілініп, қаланың орталығындағы үлкен экраннан бейнеролик арқылы көрсетіліп жатыр.


Өзгелердің жаңалығы