Банктер мемлекеттің көмегінсіз кредит беруге құлықсыз болып кеткен – депутат

4 Желтоқсан 2020, 12:48
1590
Бөлісу:
Банктер мемлекеттің көмегінсіз кредит беруге құлықсыз болып кеткен – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттағы Үкімет сағатында депутат Дәурен Әділбеков банктер мемлекеттің көмегінсіз бизнесті несиелеуге құлықсыз екенін айтты.

Біріншіден, бұл екінші деңгейлі банктердің ШОБ-қа несие беруінің төмендігі. Бұған кредиттердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болуы себеп отыр. Банктер ШОБ арасындағы 30 мыңға жуық қарыз алушыларға қызмет көрсетеді. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің небәрі 2,5%-ы ғана (жұмыс істейтін субъектілер 1 347 791). Банк секторы мемлекеттің қатысуынсыз шағын және орта бизнесті мүлде кредиттемейді десе де болады,- дейді депутат. 
Оның айтуынша, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, екінші деңгейлі банктердің мемлекеттің көмегінсіз ШОБ-ты кредиттеу үлесі биыл небәрі 19%-ды құраған.

Банктер жеңілдетілген несиелендірудің мемлекеттік бағдарламаларына қатысудан, несиеленетін кәсіпкерлер санын көбейтуден және несиелік тәуекелді төмендетуден пайда көреді. Олар шағын және орта бизнесті өз бетінше несиелеуге құлықсыз.

Екіншіден, отандық кәсіпкерлер үшін банктер ұсынған шарттармен несие алу тиімді емес. Өйткені оларда кредитті төлеу мерзімін кейінге шегеру тетігі жоқ. Кез-келген бизнес-жобаны іске асыру үшін белгілі бір уақыт қажет. Ал несие төлемдері оны алғаннан кейін бір айдан кейін төленуі керек, - дейді сенатор.
Ол халықаралық тәжірибеге сүйеніп, Қытайды үлгі етті. 
Онда шағын бизнесті несиелеу төлемді бес жылға кейінге шегеру арқылы жүзеге асырылады. Ал біз әзірге «тұйық шеңберде» жүрміз. Бизнеске кредит қажет. Ол үшін Ұлттық банк базалық ставканы төмендетуі керек. Алайда Ұлттық банк бұл инфляцияның өсуіне әкеп соғады деп санайды. Ұлттық банк пен Үкіметке осы шеңберден шығу үшін сындарлы шаралар әзірлеу қажет,- деді Әділбеков.

Өзгелердің жаңалығы