Бас жаңалықтар
Байқоңыр әлемдегі ғарыштық туризмінің орталығына айналады
13 Сәуiр 2021, 22:05 204

Байқоңыр әлемдегі ғарыштық туризмінің орталығына айналады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Байқоңыр» ғарыш айлағы – бай тарихы бар, аңызға айналған жер бетіндегі саусақпен санарлық жердің бірі. Сонымен қатар бұл өңірдің туристік әлеуеті де жоғары.

Көршілес екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығының арқасында біз осы нысанды сақтап, бүгінгі күнге дейін оның инфрақұрылымын тиімді пайдаланып келеміз. Сондай-ақ бүгінде «Байқоңырды» ғарыш саласының ғана емес, туризм индустриясының әлемдік брендіне айналдыруға болады. Бұл үшін аталған өңірдің барлық мүмкіндігі бар.

Әлемдік тәжірибе ғарыш туризмін дамытудың тартымдылығы мен экономика жағынан тиімділігін көрсетеді.

Қазірдің өзінде инфрақұрылымы дамыған, қолжетімді баға ұсынатын осындай ғарыш орталықтары жылына 1,5 миллион туристі қабылдап, жылына 270 млн. АҚШ долларына дейін табыс табады. Аталған кешендегі инфрақұрылымы дамыған ойын-сауық орталықтары, түрлі шоу-бағдарламалар, экскурсиялар осындай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Байқоңыр ғарыш айлағында туризмді дамытуды біз сұранысқа ие салалық бағыттардың бірі ретінде қарастырамыз. Зерттеулерге сүйенсек, бүкіл әлем бойынша 280 миллионға жуық турист салалық туризмнің түрлі бағытын таңдайды. Бұл көрсеткіш жыл сайын кем дегенде 9% -ға өсіп келе жатыр,-деді Kazakh Tourism Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев.

«Байқоңырдың» адам еркі мен ақыл-ойының дәрежесін көрсететін деңгейін әлі кең көлемде көрсете алмай келеміз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Kazakh Tourism бірлесіп маркетинг, бейне контентті ілгерілету және одан әрі даму мәселелерін пысықтау бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр.

Осы ретте «Байқоңырды» қолжетімді саяхат орнына айналдыру үшін бірінші кезекте ғарыш айлағына кіру мәселесін шешу қажет.

Жақында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бастаған қазақстандық тарап ресейлік әріптестерімен кездесу барысында қала мен ғарыш айлағының аумағына бақылау-өткізу режимін жеңілдетуді ұсынды. Сонымен қатар ең заманауи стандарттарға сай жабдықталған және тұрақты рейстерді қабылдауға дайын «Крайний» әуежайын пайдалану жайын ұсынды. Ал ұзақ мерзімді перспективада «Байқоңыр» аумағына визасыз режим енгізу шетелдік туристерді тартудың тиімді шарасы болуы мүмкін.

Кездесу аясында іске асыруға дайын жобалардың идеялары айтылды:

Ғарыш айлағында темір жолдар желісі дамыған кешен аумағында туристік пойызды іске қосу арқылы балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға алғышарт жасауға болады. Бұдан бөлек қазірдің өзінде бірқатар қызық жобаны іске қосуға мүмкіндік бар,-деді Ержан Еркінбаев.

Жақын арада ғарыш айлағының аумағына келген туристер үш күн немесе одан да ұзақ мерзімге тұрақтай алуы үшін тақырыптық саябақ, ғарыштық аттракциондар, қонақ үй кешендері және демалыс орындары бар туристік аймақ пайда болуы мүмкін.

Байқоңыр- жақын арада әлемдік ғарыштық туризмнің жаңа нүктесіне айналады деген үміт бар.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...