Беделі жоқ және тартымсыз. Сенатор тағы бір шындықтың бетін ашты

3 Желтоқсан 2020, 11:22
18827
Бөлісу:
Беделі жоқ және тартымсыз. Сенатор тағы бір шындықтың бетін ашты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысы Асқар Маминге ветеринария жүйесіне қатысты сауал жолдады.

Мал шаруашылығы саласының эпизоотиялық жағдайына ғана емес, еліміздегі азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне, яғни азаматтарымыздың денсаулығына тікелей әсері бар ветеринария жүйесінің қазіргі жай-күйін «сындарлы халде» деп сипаттауға болады. Бұл – кезіндегі біртұтас ветеринария жүйесінің бөлінуіне, ветеринарлық инспекцияның қатаң вертикалінің бұзылуына, оның қадағалау функциясының әлсіреуіне жеткізген соңғы жылдардағы дұрыс ойластырылмаған реформалар салдары. Осындай өзгерістерден кейін ветеринария саласынан ветеринарлық заңнаманың үстемдігін сақтап қалуды және саланың эпизоотиялық жағдайының мүддесін қорғаған тәжірибелі мамандар кетуге мәжбүр болды, - дейді депутат.

Оның айтуынша, тиімсіз реформаның соңы неге алып келгенін біздің жағдайымызға бейімделмеген малды жаппай импорттап, онымен бірге бұрын бізде болмаған көптеген экзотикалық жұқпалы ауруды таратуға сеп болған. 

Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру жобасының мысалынан көруге болады. Осы уақытқа дейін қоғамда импортталған малдың қалай бейімделгені туралы, олардың қаншасы ауру болып шыққаны, қаншасының жойылғаны, қандай ауру түрлерін әкелгені және қандай ауқымда таралғаны жөнінде ақпараттар берілген жоқ. Бруцеллезге қарсы күрес саясатын өзгерту, зертханаларды оны диагностикалаудың аз сезімтал әдістеріне ауыстыру, шығарылған қорытындыны сотта даулау нормаларын енгізу нәтижесінде бруцеллездің таралуы бойынша елдегі жағдай тек шиеленісе түсті, - дейді сенатор.

Оның айтуынша, аса қауіпті аурулардың таралу фактілерін жасыру жаппай етек алып, күрделі мәселеге айналған. Ал бұл - эпизоотиялық жағдайды нақты бағаламаудан және ветеринариялық іс-шараларды дұрыс жоспарламаудан туындаған келеңсіз жағдайлардың басты себебі болған.

Қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге мәжбүр болып отырмыз.

Ветеринария жүйесінің елдегі ең жемқор салалардың біріне айналғаны ерекше алаңдаушылық тудырады. Ал мұның себебі – жалақының мардымсыз деңгейі (мал дәрігерінің орташа айлық жалақысы 80-100 мың теңге шегінде), зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақының болмауы, ветеринарлық ұйымдар мен кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының артта қалуы, - дейді Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, жергілікті жердегі ветеринарлық мамандардың білім деңгейі өте төмен. Елде ветеринарлардың біліктілігін арттыру жүйесі жоқ. Жоғары оқу орындарында ветеринар мамандарды даярлау сапасын қамтамасыз ету үшін зертханалық-тәжірибелік  база жетіспейді. 

Мал дәрігері мамандығының жастар арасында беделі жоқ және тартымсыз. Сол себепті ауылдық жерлерде көбінесе зейнет алдындағы және зейнеткерлік жастағы ветеринар-мамандар жұмыс істеуде. Ветеринарлық қызметтің негізгі түрлерінде мемлекеттік монополияның басым болуы және жергілікті жерлерде кадрлардың тапшылығы ветеринария саласына жеке капиталдың келуін іс жүзінде тоқтатып тастады. Осылайша, біздің ветеринария жүйеміз «мүшкіл жағдайда» деп шындығын айтуымыз керек, - дейді депутат.

Ол Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ықтимал шаралар қабылдануда, бірақ бұл мәселеде бүкіл Үкіметтің қолдауы қажет. Егер бүгін мемлекеттік деңгейде оны қалпына келтіру бойынша қажетті шаралар қабылданбаса, елдің экономикасы ғана зардап шекпейді, бұл біздің азаматтарымыздың денсаулығына әсер етуі мүмкін деп отыр.

Осыған байланысты  сенатор мына мәселелерді шешу орынды деп айтты:

1. Отандық ветеринарияны осындай дағдарыс жағдайына әкелген жүйенің себептерін объективті түрде қарастыру.
2. Мемлекеттік ветеринариялық қызметті тәжірибелі мамандардан тұратын дағдарыс менеджерлері тобымен нығайту. Ең алдымен, бұл Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне мемлекеттік ветеринариялық бақылау мен қадағалаудың нақты жүйесін қалпына келтіріп қана қоймай, ветеринариялық заңнама талаптарының сол жерде орындалуын қамтамасыз ету және бірыңғай саясат жүргізу мәселелерінде тиісті тәртіп орнату үшін қатысты.
3. Мемлекеттік ветеринариялық инспекторлардың жалақысын көбейтумен қатар, алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыру аясында еңбектің зиянды жағдайлары үшін, олардың аса қауіпті ауруларды жұқтыру қауіпінің болуын ескере отырып, үстемеақы төлеуді көздеу қажет.
4. Коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындар жүйесінің практикалық ветеринариялық қызметкерлерінің жалақысын жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындау аясында көрсетілген қызметтер үшін төленетін бағаларды арттыру есебінен зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақыларды қоса отырып көтеру.
5. Мүмкіндігінше ветеринарлық жүйедегі мемлекеттік монополия қызметін қысқартып, оның жекелеген түрлерін бәсекелестік ортаға беру, сол арқылы бұл салаға жеке инвестицияларды тартуға жол ашу.
6. Ветеринария және жануарларды есепке алу жүйесіне қазіргі заманғы цифрлық технологияларды енгізуді жеделдету, бұл практикалық ветеринариялық қызметкерлерді қағаз жұмысынан босатуға және олардың қызметін басты функцияларды нақты орындауға шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл мал дәрігерлерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қаупін айтарлықтай төмендетеді.
7. Жоғары оқу орындарында ветеринария мамандарын даярлау жүйесін оқу процесін ғылыми-зерттеу қызметімен интеграциялау, білім беру бағдарламаларын жаңғырту, оқу орындарының заманауи зертханалық және тәжірибелік-эксперименттік базасын ұйымдастыру арқылы оқытудың практикалық бағытын күшейту есебінен түбегейлі өзгерту қажет. Барлық деңгейдегі ветеринария мамандарына, оның ішінде ветеринариялық инспекцияға жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтуге міндеттейтін талап енгізу, ол үшін мамандандырылған жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының жанынан қазіргі заманғы білімді тарату орталықтарын құру қажет.
8. Ветеринариялық зертханалар жүйесін орталықсыздандыру және референттік-бақылау функцияларын күшейту жолымен реформалау.
9. Елімізде өндірілетін және мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алынатын ветеринариялық препараттардың сапасын бақылаудың тәуелсіз жүйесін құру қажет.
10. Ветеринариялық ұйымдар мен кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы түбегейлі жақсартуды, ветеринарларды арнайы автокөлікпен, арнайы киіммен, жеке қорғану құралдарымен және ветеринариялық атрибуттармен қамтамасыз етуді талап етеді.

Қазіргі короновирус пандемиясы денсаулық сақтау жүйесінің уақыт сынақтарына төтеп бере алмайтын әлсіздігін көрсетті. Бұл қауыпты ауру көптеген отандастарымыздың өмірін қиды, ел экономикасына үлкен зиян келтірді. Егер бүгін халық денсаулығының қауіпсіздігі мәселесімен байланыста тұрған ветеринария жүйесін нығайту бойынша батыл шаралар қабылданбаса, ветеринарлық қызметтің  қабілетсіздігінен бұдан да ауыр зардаптарды көруіміз әбден мүмкін, себебі аса қауіпті аурулардың көпшілігі адамдар мен жануарларға ортақ болып келетіні белгілі.



Өзгелердің жаңалығы