Бас жаңалықтар
Бекенов: СПИД-тің алдын алуда күш біріктіру қажет
02 Желтоқсан 2020, 17:50 150

Бекенов: СПИД-тің алдын алуда күш біріктіру қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР ДСМ ҰДСО жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов айтты.

Бүгінгі шарамыз «Қазақстан Халықаралық СПИД-ке қарсы күніне арналған «Жаһандық Ынтымақтастық. Ортақ жауапкершілік» атты дүниежүзілік кампанияда» деген тақырыпта өтуде. Бұл науқанға Қазақстан да белсенді араласып, аурудың алдын алу жұмыстарында жақсы көрсеткіштерге жетіп жатыр. «Жаһандық Ынтымақтастық. Ортақ жауапкершілік» дегенге жалпы медицина саласының қатысын айтар болсақ, ең бірінші кезекте ЖИТС немесе АҚТЖ ауруымен ауырған адамдардың белсенділігін арттыру, олардың құқықтарын қорғау, кемсітушілікке жол бермеу және оларды қажетті ақпаратпен, қызметтермен қамтамасыз етуге жұмыс істеуіміз керек. Осы мақсатта жақсы нәтижеге жетуіміз үшін барлық адамды қамтуымыз қажет, - дейді ол. 

Жұмабек Бекеновтің айтуынша, қажетті ақпаратпен, қызметтермен адамдар түгел қамтылмайынша, жетістікке жету қиын. 

Бұған дәлел COVID-19 пандемиясы. Бірде-бір елдің өз алдына жеке бұл дертті тоқтатуға мүмкіндігі болмайды, себебі бәрі бір-бірімен байланысты. Сондықтан да, біздің осы аурудың алдын алудағы міндетіміз – ауырған адамдармен жүргізілетін жұмыс бір ортақ жүйеде жүргізілуі қажет. Ол адамдардың құқықтарын сақтауға, олардың күнделікті өмірге араласуына толық мүмкіндік беруге және медициналық көмекпен толық қамтамасыз етілуіне септігін тигізеді. Қазір СПИД-тің алдын алу жұмыстары бірінші кезекте тұр. Осы бағытта медицина саласы жылма-жыл халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, адамдардың жұмысқа деген жауапкершілігінің төмендігінен болатын жайттарды барынша азайтып, болдырмау мақсатында шаралар атқарып жатыр, - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...