Бас жаңалықтар
Бейбіт митинг өткізу туралы заң алғашқы оқылымда қабылданды
26 Наурыз 2020, 12:25 70

Бейбіт митинг өткізу туралы заң алғашқы оқылымда қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Бүгінде "Бейбіт жиындар мен митингілер өткізу тәртібі туралы" қолданыстағы Заңның қабылданғанына 25 жыл өтті. Осы жылдар ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласында үлкен өзгерістер болды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Бүгінгі таңда халықтың өз ұстанымын бейбіт жиындар арқылы білдіру мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейту қажеттігі пайда болды. Азаматтық қоғамның сұранысы мен уақыт талабы осындай,- деді ҚР Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев. 

Сонымен қатар ол мәселе қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу туралы ғана болып отырмағанын, бұл барлық бейбіт жиналыс түрлерін ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттейтін тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа заң жобасы екенін атап өтті.

Біз АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустралия, Жапония, Сингапур, Швеция және Ресей сияқты елдердің осы аталған саладағы заңнамаларын мұқият зерделедік. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әлемнің көптеген елдері бейбіт митингіні ұйымдастыру және өткізуде басты басымдықты қоғамдық қауіпсіздікке береді. Біз қоғамдық пікірді, соның ішінде әлеуметтік желілерді зерделедік, әлеуметтік зерттеулер жүргіздік, - деді министр.

Дәурен Абаев Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталлды.

Біріншіден, заңнамаға бейбіт жиналыстардың базалық қағидаттарын енгізу қамтылған. Осы орайда зорлық-зомбылықсыз сипат; заңдылық; мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету; қатысу еріктілігі ескерілген. Екіншіден, заң жобасына түсінік аппаратын енгізу. Қазіргі қолданыстағы заңның кемшілігінің бірі – бейбіт жиналыс нысандары нақты регламенттелмеген. Осыған байланысты заң жобасында түсінік аппаратын енгізу ұсынылады. Бұл митинг, пикеттеу, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және оларды өзара ажыратуға мүмкіндік береді, - деді ол. 

Оның сөзіне қарағанда, құжат нормасы бейбіт жиналыстарға қатыса алатын және оларды ұйымдастыратын тұлғаларға қойылатын талаптарды айқындауға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты анықталған. Бейбіт жиналыстар өткізуге ыңғайлы болуы үшін ұйымдастырушылар мен журналистерге арналған ерекше белгілер қабылданады. Заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның, жергілікті өкілді органдар мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреті көзделген, - деді Дәурен Әскербекұлы. 

Құжатта бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда ғана өткізу қарастырылған. Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...