"Бір аптадан соң қашып кетесің ғой" деді ұстазым – дәнекерші келіншек

6 Наурыз 2020, 09:26
3443
Бөлісу:
"Бір аптадан соң қашып кетесің ғой" деді ұстазым – дәнекерші келіншек
PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы Құрманғазы ауданының тумасы Мейрамгүл Айдарәлиеваның негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, қазір дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.

Алғашында оның бұл шешіміне туыстары таңғалыпты.

Әкем өмір бойы дәнекерлеуші болды. Мен де осы әке жолын жалғастыру мақсатында алғашқы мамандығымды құрбан еттім. Алғашында бәрі түсінбей, таңғалып, тіпті, сенімсіздік білдірді. Бірақ мен әйелдің қолынан бәрі келетінін дәлелдеймін деп уәде еттім. Негізі бала кезімде тек мұғалім болуды армандаған едім. Осы бағытта білім алдым. Бірақ бұл ойымды жүз пайызға өзгертіп, басқа мамандықты игеріп кеттім, - дейді дәнекерлеуші Мейрамгүл Айдарәлиева.

дәнекерлеуші келіншек 2.jpg

Бұл кәсіпті таңдап, оқу орталығына білім алуға келген қыз балаға тәлімгерлері де сенімсіздік танытқан.

дәнекерлеуші келіншек.jpg

Мен оқуға келгенімде оқытушы бір аптадан соң қашып кетесің ғой деп күлді. Бұл мазақ еткені емес, алдына келіп тұрған қыз бала болған соң ауыр жұмысқа шыдамайды дегені еді. Бірақ мен өз сөзімде тұрдым. Дәнекерлеуші болу қолымнан келетінін дәлелдедім, - дейді Мейрамгүл Айдарәлиева.
дәнекерлеуші келіншек 3.jpg

Мейрамгүл бүгінде қаладағы компаниялардың бірінде ер адамдармен қатар дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүр. Әріптестерінің айтуынша, ұжымдастар алдындағы беделі жоғары, нәзік жанды екеніне қарамастан өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарады.

дәнекерлеуші келіншек 4.jpg

Ер азаматтармен бірге иық тіресіп, жұмыс жасап жүрген қазақ арулары аз емес. Олар көптеген жігітке үлгі. Соның бірі біздің Мейрамгүл. Білікті маман. Біздің компаниямыздың да ең шебер дәнекерлеуші, - дейді әріптесі Ертай Көрбенов.
дәнекерлеуші келіншек 5.jpg

Дәнекерлеуші келіншек 2 баланың анасы. Ол темір-терсектің арасында жүрсе де, әйел, ана екенін ұмытпағанын айтады.

дәнекерлеуші келіншек 6.jpg

Бос кезімде қолыма тоқыманы аламын. Түрлі кеудеше, шұлық, мойынорағыштар, қолғап тоқимын. Әйел екенімді бір сәтте есімнен шығарған емеспін, - дейді Мейрамгүл Айдарәлиева.


Өзгелердің жаңалығы