Бір жобадан түскен табысты бес əлеуметтік жобаға жұмсаймыз – əлеуметтік кəсіпкер

28 Ақпан 2020, 15:49
2784
Бөлісу:
Бір жобадан түскен табысты бес əлеуметтік жобаға жұмсаймыз – əлеуметтік кəсіпкер
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Əлемде бұрыннан бар, ал Қазақстан қоғамы соңғы жылдары жиі ести бастаған тіркестің бірі – əлеуметтік кəсіпкерлік. Қай бизнес болмасын, түпкі мақсаты – кірісін молайтып, табысын арттыру десек, əлеуметтік кəсіпкерліктің мəні басқа. Іштей көрмей, сырттай айтып қана түсіну де, түсіндіру де қиын. Десе де бес бірдей əлеуметтік жобаны қатар жүзеге асырып отырған Арман Көшкінбаевтың мысалында, оның не істеп, не қойғанын танысақ, бəлкім, бұл тіркестің де мəні ашылар. 

Арман Көшкінбаев Шымкенттегі "Сəлем" əлеуметтік қалашығының бас директоры əрі тең құрылтайшысы. Бұл орынның "қалашық" деген тіркеме атауы да бекер емес. 1,5 гектар қоршалған аумақ. Сырт жұрт СМУ-4-тегі "Сəлем городок" деп біледі. Ресми атауы – "Salem Social Village". 

Мұнда Ағылшын орталығы, Salem Hub кофеханасы, "Шекарасыз əлем" əлеуметтік клубы, Salem Youth жəне экСПИДиция атты бес жоба жүзеге асады. Арман Көшкінбаев осы жобаның бірінен түскен табысты басқасына бағыттап, қатар дамытып, тағы басқа əлеуметтік жобалардың негізін қалап отыр.

1. Өзгеріс ұстасы (1).jpg

Өткен жылы алғаш ұйымдастырылған Ózgerіs ustasy – Қазақстандағы əлеуметтік кəсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін жүлдесінің лауреаты атанды.

1. Өзгеріс ұстасы (2).jpg

Əлеуметтік кəсіпкерліктің қандай болуы керегін рас тірлігімен көрсеткен азамат. "Сəлем" қалашығына барғанымда бəрін көрсетті, қалашық ішін араладық. Қашан құрылып, қалай жұмыс жүргенін, ендігі жоспар қандай екенін айтып берді. 

0. Сәлем қалашық (1).jpg

Salem Social Village құрылғанына 24 жыл 

"Сəлем" əлеуметтік қалашығының негізі 1996 жылы қаланды. Əуел баста тек Ағылшын тілін үйрету орталығы ретінде ашылып, басқа ғимаратта қоныстанған екен. Қазіргі орнына 2000 жылы көшіп келеді. Содан бері өз жері, өз ғимараты бар.

0. Сәлем қалашық (2).jpg

1996 жылы Қоғамдық бірлестіктер туралы заң қабылданды. Содан белсенділер бірігіп, осы Сəлем қалашығының негізін қалады. Алғаш солар бастады. 2000 жылы əкімдік осы ғимаратты ұсынып, осында көшеді. Жалға алып отырды. 2006 жылы жерді де ғимаратты сатып алды. Территория аумағы – 1,5 гектар. Бұл – сирек жағдай. Өйткені, көптеген үкіметтік емес ұйымның өз ғимараты, жері бола бермейді. Көбіне жалға алып отырады. Бұл жер де, ғимарат та адам атына емес, қоғамдық бірлестік атына тіркелген. Ұйымға тиесілі болғандықтан да сабақтастық бар. Бір адамға байланбай, жалғасып келеді. Мен мұнда 2006 жылы 21 жасымда келдім. Əйелім екеуміз бірге келдік. Содан бері 14 жыл өтіпті. Қазіргі командада 35 адам бар. Ағылшын тілі мұғалімдері, жоба менеджерлері қызмет етеді, - дейді Арман Көшкінбаев.
 

"Жылына 75 адамға ағылшын тілін тегін үйретеміз" 

Ағылшын тілін үйрету орталығында жылына 2000 адам оқиды. Олардың 75-ін тегін оқытады. Əлеуметтік қалашықтың барлық шығыны ағылшын тілі курстарынан түскен табыстан өтеледі. Осылайша əлеуметтік қалашық өзін-өзі толықтай қамтиды. 

2. ағылшын тілі курстары (1).jpg

Біз тек ағылшын тілін оқытамыз. Жылына бес семестр жүреді. Əр семестрге 400 адамнан, сонда жылына барлығы 2000 адам қабылданады. Алғашқы 400 адам жиналған соң, тіркеуді аяқтаймыз. Оларды екі ай оқытамыз. Сол аралықта басқа ешкімді қабылдамаймыз. Жабық мектеп сияқты болады. Сапаға жұмыс істейміз. Қазір Шымкентте 2GIS қосымшасынан ағылшын тілі курстары деп іздесеңіз, 220-дан астам тіл үйрету курстары шығады. Барлығы дерлік коммерциялық бағытта жұмыс істесе, біз əлеуметтік кəсіпкерлік бағытындағы коммерциялық емес ұйыммыз. Сөйте тұра қаладағы ағылшын тілін үйрету орталықтарының үздік үштігіне кіреміз. Біздің ағылшын орталығының əлеуметтік кəсіпкерлік қырына бір дəлел – жылына 75 адамды, яғни бес рет тіркеу жүргенде, əр семестерде 15 адамды тегін оқытамыз. Біздің өз əлеуметтік қызметкеріміз бар. Мұқтаж жандар өтініш береді. Əлеуметтік қызметкер олардың өтінішін қарап, анықтама сұратып, статусын анықтап, шешім қабылдайды. Бір жылда 75 адамды оқытудың шығыны – 1 млн теңге. Тегін оқитын 75 адам – жетім балалар, көпбалалы отбасының балалары, мүгедектігі бар жандар болады, - дейді Көшкінбаев. 
2. ағылшын тілі курстары (2).jpg

"Өзің жоқ жердің бəрі жақсы" 

Ағылшын орталығында 12 кабинет бар. Бұрын əр кабинет түрлі əлемдік қалалардың, мəселен Нью-Йорк, Лондон, Сидней атауын иеленсе, қазір басқаша аталады. 

Ойлана келе, 2013 жылы кабинет атауларын ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Өйткені, адамдардың сол қалаларға көшіп кеткісі келетінін байқадық. Ал біз жастардың Қазақстанда қалып, қоғамға, елге пайдалы қызмет еткенін қалаймыз. Көбінің ойы – шетелге кетіп, ақша табу. Бұл дұрыс емес. Онда еліміз қайтеді, елді кім көтереді? Олар "о, жақта жақсы" деп айтады, бірақ солай емес. "Өзің жоқ жердің бəрі жақсы" деген бар. Елде қалып, жұмыс істеу керек. Сондықтан да кабинеттерді өз принциптерімізбен атадық. Алғыс, Мейірім, Сенім жəне тағы басқа да құндылықтарымыздың қазақша, орысша, ағылшынша атауын жаздық. 12 кабинет əртүрлі аталады. Біз негізгі принциптеріміз бен құндылықтарымызды танытамыз, насихаттаймыз. Мақсатымыз – пайдалы болу. Бұл – эмпатия, сенім. Сондай-ақ, мұнда ағылшын кітапханасы бар. Барлық кітап ағылшын тілінде. Жоғарыда айтқанымдай, ағылшын тілін үйрету курсынан түскен қаржыны басқа əлеуметтік жобаларға, айлық төлеуге, əкімшілік шығындарға, қалашық аумағын абаттандыруға, таза ұстауға жұмсаймыз, - дейді əлеуметтік кəсіпкер. 
3. кофехана (1).jpg

"Salem Hub əрі кофехана əрі əлеуметтік кеңістік" 

"Сəлем" əлеуметтік қалашығының екінші жобасы - Salem Hub кофеханасы. 2010 жылы ашылған. Бұл жай кофехана емес, əлеуметтік кеңістік. Адамдар осында жиналады. 

3. кофехана (2).jpg

Қалада мұндай орындар болуы керек. Осында тегін жиналып отыруға, ештеңе сатып алмауға да болады. Көбіне қоғамдық кеңістік ретінде пайдаланады. Түрлі тренингтер, жиындар өтеді. Жастар, мүгедектігі бар адамдар келеді. Мына қабырғаларға əлемдік деңгейдегі үлгі тұтар көшбасшыларды, ал мына жағына əйел көшбасшыларды бейнеледік. Алдын осында əйелдер көшбасшылығы тақырыбында camp өткен еді. Бұл суреттерді сол кемпке қатысушы қыз салып шыққан. Əрине, кофехана өз шығынын жауып, өзін өзі қамтамасыз етуге жетсе, жақсы. Бірақ əлі соған жете алмай жатыр. Бір жағынан қала орталығынан алыста орналасқан, екіншіден сатып алушылар аз, - дейді Көшкінбаев. 
3. кофехана (3).jpg

"Айына екі рет мүмкіндігі шектеулі жандар жиналады" 

Қалашықтағы əлеуметтік маңызы аса жоғары жобаның бірі: ол - "Шекарасыз əлем" əлеуметтік клубы. Клуб 2013 жылы құрылған. Бұл клубтың отырысы екі аптада бір рет, яғни айына екі рет өтеді. Сонда Salem Hub кофеханасында жылына 20 кездесу болады. 

4. шекарасыз әлем жобасы (1).jpg

Клубтың мақсаты – мүгедектігі бар адамдар мен олардың ата-аналарына арналған кездесу орнын жасау. Қалада олар жиналып, бас қосатын жер жоқ. Сондықтан осында жиналады. Кездесулері əр жұмада болады. Клуб құрамында 20 шақты адам бар. Бəрі де мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар үйден сирек шығады. Үйінен шығып, кездесіп, əңгіме-дүкен құрып, кофе ішіп, серігіп қайту өте маңызды. Көбіне жастар, 15-30 жастағы адамдар келеді. Көп адам білмейді немесе келуге ыңғайсызданады, ұялады. Келгісі келсе де келе алмайтындары бар. Өйткені, инватакси жетпей қалады. Бізге екі инватакси береді. Солар бəрін жеткізіп үлгеруі керек. Жалпы қалада инватакси жетіспейді. Бұл - үлкен проблема. Біз тіпті өз ақылы инватаксиімізді іске қосуды да жоспарладық. Мəселен, мүмкіндігі шектеулі адам ақылы инватаксиді шақырып, ақысын төлеп, жетіп алады. Қазіргі инватаксилер мемлекеттің кепілдік меншігінде. Тегін тасымалдайды. Ақылы төлем қабылдамайды. Үнемі жетпей жатады. Олар жаңадан қосылған 40 шақты ауылға да қатынайды, - дейді Көшкінбаев. 
4. шекарасыз әлем жобасы (2).jpg

Айтуынша, клуб мүшелерінің өз топчаттары бар. Сонда жоба үйлестірушісі де отырады. 

Алғашқы 5 жылы бағдарламасын жасап, өзіміз ұйымдастырдық. Қатысушылар қатты ыңғайсызданып, ұялатын. Өздеріне сенімсіз еді. Өздерін қоғамнан тыс қалғандай, шеттетілген адам сезінетін. Оңалту жұмыстарын жүргіздік. Бағдарлама жасап, оларды тартып бастаған соң, өз-өздеріне сенімі күшейді. Клуб отырысына қатысқан сайын өз-өзіне сенімі артып, батылдық пайда болды. Алғашқы 5 жыл қиын өтті. Тіпті қызметкерлер эмоционалды тұрғыдан қиналды. Қатысушылардың арасынан көшбасшылар шығып, өздері ұйымдасуын күттік. 5 жылдан кейін көшбасшы мен көмекшілері шықты. Соңғы 2 жылда өздері ұйымдасады. Музыканттармен келіседі, кинотеатрларға хабарласады, өздері бірігіп, жиналады. Біз қазір тек орын ұсынамыз, - деді əлеуметтік кəсіпкер. 

"10 жылда 800 мүгедек арбасын тараттық" 

"Сəлем" əлеуметтік қалашығы клуб жұмысынан бөлек, материалдық тұрғыдан да көмектеседі. Дəлірегі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арба таратады. 

0. Сәлем қалашық (3).jpg

Біз мүгедектер арбасын тегін таратамыз. Оны беруді 2010 жылы бастадық. Əлі жалғастырып келеміз. Осы күнге дейін 800-дей мүгедек арбасын бердік. Сонда 10 жылда жылына 80 мүгедек арбасын үлестіріппіз. Бір мүгедектер арбасының бағасы 100 мың теңге тұрады. Оны өз қаржымызға шетелден тапсырыс беріп, алдыртамыз, не Еурофарма, ПетроҚазақстан сынды компаниялармен бірлесіп, акциялар өткізіп, ұйымдастырып, сатып алдық. 2010 жылдары біздің мүгедектер арбасын беретінімізді естіп-біліп, мүмкіндігі шектеулі жандар келіп бастады. Міне, сол кезде олармен байланыс түзілді. Бұл "Шекарасыз əлем" əлеуметтік клубын құруға себеп те болды, - дейді кəсіпкер. 
0. Сәлем қалашық (4).jpg

Арманның мұндай бағыттағы əлеуметтік жоба бастауының да жеке себебі бар. 

Отбасымызда мүгедектігі бар бауырым бар еді. Қайтыс болды. Мен сол бауырымның өмірінен мүгедектігі бар адамдарды қоғамда қалай кемсітетінін көрдім, түсіндім. Қандай дискриминацияға ұшырайтынына көз жеткіздім. Араласатын ортасы болмайды. Эмпатикалық тұрғыдан түсіндім. Мүгедек арбасында отырған адамға қырын қарайтындар бар. Міне, сондықтан да мұның проблема екенін, қалада осындай клуб ашу керек екенін түсіндік. Əрбір шағынауданда сондай өз аула клубы болуы керек. Өкінішке қарай, қаламызда тек бізде ғана бар, - деді Көшкінбаев.

"6 жыл бұрын волонтерлерге көзқарас теріс болатын" 

"Сəлем" əлеуметтік қалашығы құрылғалынан бастап волонтерлермен етене араласып келеді. Негізінен, шетелдік волонтерлермен жұмыс істеген. 2014 жылы жастардың бас қосу орны ретінде волонтерлер жобасын құрды Əйткенмен, о кезде волонтерлерге көзқарас басқаша, тіпті теріс болған екен. 

6. Сәлем YOUTH ЖАСТАР.jpg

Қазіргі Salem Youth жобасы əуелде волонтерлік жоба ретінде қалыптасты. Бірақ о кезде Қазақстан қоғамында волонтерлерге көзқарас бұрыс, қоғам əлі дайын емес еді. Ата-аналары да қарсы болып, "бар жұмыс істе" дейтін. Кейбір ұйымдар бұрыс түсініп: "бізге 10 волонтер жіберіңдер, картоп тасып, жүк түсіру керек, істеуге міндеттесіңдер" деп айтады. Бұлай жалғаса берсе, волонтерлер кетіп қалады. Сосын 2018 жылы ребрендинг жасап, Salem Youth - жастардың жиналатын орны, басқосуы деп атадық. Жастар араласып, əңгімелесе келіп, əлеуметтік жобаларға қатысады. Ағаш егу, тағы басқа жобаларға тартуға болады. Salem Youth жобасы да кофеханада өтеді. Əр бейсенбі күні сағат 16:00-де жиналады. 20 шақты адамы, 5 көшбасшысы бар. Түрлі жастар келеді. Біздің мақсатымыз – жастар арасындағы қылмыстық ахуалды азайту үшін жастардың жиналуына мүмкіндік жасау. Жиналып, офлайн кездесіп, достар табуына мүмкіндік беру. Бір жоба идеясы болса, соны талқылап, іске асырады. Əркім де қосыла алады. Келіп, координаторға тіркеліп, жазылады. Ұсыныс айтуына болады. Мəселен, жастар былтыр балалар онкологиясына барып, сауық ұйымдастырды. Аниматор шығып, шарлар, сыйлықтар таратып, ойын-сауық жасады, - дейді Көшкінбаев. 
5. экСПИДиция (1).jpg

"ВИЧ туралы сауат ашатын экСПИДиция" 

Salem Social Village қалашығының бірегей, ТМД аумағында баламасы жоқ бір жобасы: ол – экСПИДиция. Не туралы екенін атауынан-ақ мəлім. экСПИДиция жобасы ВИЧ жұқтырған қазақстандықтардың хикаясын баяндайды. Хикаяларды тыңдай жүріп, бөлмеден бөлмеге өтіп, кейіпкердің əлеміне енесіз. ЭкСПИДиция жасау – тегін, абсолют тегін. 

5. экСПИДиция (2).jpg

экСПИДиция жобасының ашылғанына 8 жыл болды. Идея 2008 жылы басталды. Сол жылы қала əкімі орынбасарының қабылдауында болдық. Əкім орынбасары: қазір Шымкентте ВИЧ, СПИД мəселесі өршіп тұрғанын, 2006 жылы жүздеген балаға ВИЧ жұққанын, олар қазір кемсітушілікке тап келгенін айтты. Балалар да, отбасылары да қатты кемсітуге ұшырады. Туған-туыстары да араласпай, жұмыстан  шығарып жатты. Адамдар сауатсыздықтан жапа шегеді. Шын мəнісінде, ВИЧ жұқтырған адам жұмыс істей алады. Сау адаммен бірдей өмір сүре алады. Идея туды. Гонконгте Crossroads Foundation халықаралық қайырымдылық қоры бар. Сол серіктесімізден осындай жоба барын білдік. Сол моделді алып, Қазақстанға бейімдедік. 2012 жылы іске қостық. Келген қатысушы таңдауына қарай үш тілде, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде хикаяны тыңдайды. Мұнда плеер, құлаққап береміз. Эльмира, Камила жəне Дəуреннің хикаясы жазылған. Алдымен алғашқы 2 минут тыңдайсыз. Диктор не жоба екенін айтып береді. Сосын сіздің есіміңіз "Эльмира" деп, Эльмираның оқиғасын баяндайды. Эльмираның бөлмесіне кіріп, хикаясымен жүріп өтесіз. "Келесі бөлмеге өтіңіз" деп айтпағанша сол бөлмеде қаласыз. Бөлмелер өзара перделермен жабылған. Əр хикая 10-15 минутқа созылады. Шыққан соң дебрифинг болады. Талқылайды. Адамдарда эмпатия пайда болып, өзін біреудің орнына қойып көреді. Аудиторияны қатыстырудың үздік үлгісі. Рас хикаяларға негізделген. ЭкСПИДиция ашылған соң ұзақ уақыт Денсаулық сақтау жəне Білім басқармаларымен меморандум жасай алмадық. Мектеп оқушылары, колледж, университеттерінің келуі үшін басқармалардың келісімі қажет болды. Ал басқармадағылар "Бұл не" деп сұрайды. Симулияциялық ойын екенін айтсақ, "біз ойын ойнамаймыз", деп шығарып салатын. Үш жыл қағаз əуресімен жүрдік. О кезде тек жекелеген энтузиастар келетін. Тек 2018 жылы басында қала əкімдігі мен қалалық СПИД-орталық келіп: бірге жұмыс істейік, университет, мектеп, колледжерден оқушылар əкелеміз деді. Содан жұмыс алға жылжыды. СПИД- орталықтан хабарласып: мына колледж балаларын əкелеміз, деп айтады. Уақыт белгілейміз. 1 сағатта бар хикаяны тыңдап шығады. Бір ретте 10-15 адам команданы өткізуге болады. Əр хикая бойынша кіріп шығады. Сосын дебрифинг кезінде СПИД- орталық оларға ВИЧ-ке тексерілуді ұсынады. Алдын қорықса, мұнда хикаяларды тыңдаған соң, қорықпай барады. СПИД-орталық əр аптада бір сапар ұйымдастыруға тырысады. Мұндағы ағылшын тілі орталығында оқитын оқушыларға да қатысуды ұсынамыз. Аптасына бір рет келеді. Əр күні өткізуге де болады. Бəрі де адамдарға, ұйымдастырушыларға байланысты. Алдын ала өтініш қалдырса, уақытын белгілейміз. ТМД аумағында мұндай форматта басқа жоба жоқ. Көшіру қиын, бірақ біз басқалардың көшіруіне қарсы емеспіз. Қарағанды, Теміртау, Астана қалаларынан ұсыныс болды. Бəріне бір жайт кедергі: ол – ғимарат табудың қиындығы. Біздің экСПИДиция 150 шаршы метр аумақты алып жатыр. Ал үкіметтік емес ұйымдар үшін сондай орын табу қиын, көбі жалға алынған орында отырады-дейді Арман Көшкінбаев. 
5. экСПИДиция (3).jpg

"Баю үшін емес, əлеуметтік жоба жасау үшін дамып жатырмыз" 

Арман Көшкінбаевтың "Сəлем" əлеуметтік қалашығын басқарып келе жатқанына 14 жыл болыпты. Осы уақытқа дейін неліктен басқа салаға кетпей, əлеуметтік кəсіпкерлікпен айналысуының себебін сұрадық.  

0. Сәлем қалашық (5).jpg

Біріншіден, менің отбасымдағы жағдай, яғни мүгедектігі бар адам болуы еді. 8 жастан 15 жасқа дейін бауырыма қарадым. Мен тəрбиеледім. Кейін университетке оқуға түскенде əлеуметтік салаға барамын деп шештім. Эмоционалды түрде жақын сала. Екіншіден, бізде Crossroads Foundation халықаралық қайырымдылық қорының филиалы бар еді. 20 жасымда солардың жұмысына араласып, əлеуметтік салада көп нəрсені үйрендім. Əйеліммен бірге "Сəлемді" дамыттық. Бизнес қырынан келуді ойладық, бірақ мұны баю үшін емес, басқа əлеуметтік жобаларды дамыту үшін жасадық. Əйелім де осы қалашықта қызмет етеді. Менеджментпен, кадр жасақтау жұмыстарымен, құжаттармен айналысады, - дейді ол. 
5. экСПИДиция (6).jpg

"Дүниетанымыма шетелдік волонтерлер де əсер етті" 

Арман Көшкінбаев шетелде оқымаған. Орта мектепті Шымкентте тауысып, М. Əуезов атындағы ОҚМУ-да жоғары білім алған. Бірақ, шетелді көп аралапты. Арманнан мұндай түрлі идеялар қайдан туындайтынын сұрағанымызда өз дүниетанымына шетелдік волонтерлер əсер еткенін айтты.  

Командамызда шетелдіктер көп болды. Бастапқы команданың шетелдік волонтерлермен байланысы жақсы болған. Шетелде волонтерлік кеңінен дамыған. Шақырсақ, оңай келеді. Кез келген волонтерлік жұмысқа тартылады. Мына экСПИДиция бөлмелерін Ирландиядан келген волонтерлер командасы тұрғызды. Аустриялықтар бояды. 4 жылда 70-тей волонтер қатысты. Сондықтан менің дүниетанымына бұл да əсер етті. Биылды волонтерлер жылы деп мемлекет тарапынан атауы жақсы қадам. Волонтерлік бала күнінен қалыптасуы керек. АҚШ- та, Аустралияда болғанымда, о жақта волонтерлікке 3-4 жасынан бастап үйретеді. Мəселен, қорап ашып, жануарларға көмектесуге ақша жинайды. Бұл сол баланың əлеуметтік жобасы болады. Сосын о жақта қарт адамдар волонтерлікпен көп айналысады. Өйткені, бос уақыты көп. Волонтерлік қатты дамығаны соншалық, ұлттық идеяға айналып кеткен. Бір жағынан экономикалық жағдайы да жетеді. Бір елге барып, көмектесу оларға рахат сыйлайды. Ал бізге кеп жатса, түсінбей қараймыз. "Ақшасын құртып, неге келді" деп ойлаймыз. Біздегі түсініктер де өзгеруі керек. Тарихымызға үңіліп, салт-дəстүр, əдет-ғұрпымыздан тауып, соған оралуға болады. Жылу жинау, асарға шақыру, туған-туысқа көмектесу бар, Абай Құнанбаевтың да цитаталары бар. Соларды жаңғыртып, ұлттық идеяға айналдыруға болады. Бізде əлі де теріс көзқарас бар. 2014 жылы Англиядан волонтерлерді тіл үйретуге шақырдық. Сосын еңбек департаментінен келіп: мынау неге жүр, оған қанша төлейсіңдер, деп сұрады. Біз: ол – волонтер, төлемейміз, мынадай келісім бар десек, "жоқ сендер салық төлеуден жалтарып жүрсіңдер, бізде волонтерлік ұғымы жоқ дейді. Бізге "тіркеліңдер" деп, айыппұл салмақшы болды. "200 мың айыппұл саламыз" деді. "Заңнамада волонтерлік туралы заңды көрсетіңдер" дейді. Біз жапа шектік. Мұның өзі біздегі шенеуніктер, мемлекет волонтерлер мəдениетіне қалай қарайтынын көрсетті. Қазір міне, волонтерлік туралы заң да қабылданды, - дейді Арман. 
5. экСПИДиция (4).jpg

"Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орнын ашамыз" 

Арман Көшкінбаевтың ендігі жүзеге асыратын жобасы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Одан да бөлек бірнеше жоспары бар. 

Біз қазір мүгедектігі бар адамдарға жұмысқа орналастыру жобасын жүзеге асырмақшымыз. Ағаш цехын, тігін цехын ашқымыз келеді. Екі инватакси алуды арман етеміз. Хостел не қонақүй ашу, үкіметтік емес ұйымдарға арналған коворкинг-орталық ашу жоспарымыз бар. Мүгедектігі бар адамдарды қолдайтын мемлекетік бағдарлама бар. Егер жұмыс орны мүгедектігі бар адамды жұмысқа алса, айлығын мемлекет төлейді. Осы жақында мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа алмақпыз, бірақ ол екі аптадан бері құжатын толық ресімдей алмай жүр. Əр жаққа сандалта береді. Дұрыс ақпарат бермейді. Ал Нұр-Сұлтанда бұл жағынан мəселе жоқ. Ондағы мемлекеттік органдар волонтерлік, əлеуметтік кəсіпкерлік, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналасудың не екенін жақсы түсінеді, тез істейді. Аймақтарға жіберсе, бəрі тұралап қалады. Жұмыс жүруі қиын, - дейді ол. 

Қазақстанда 500-дей əлеуметтік кəсіпкер бар

Қазақстанда барлығы 500-дей адам əлеуметтік кəсіпкерлікті түсініп, белсенді айналысады. 

1000-ға де жетуі мүмкін. Саны өсіп жатыр. Шымкентте əзірге көп деп айтуға келмейді. Аз, десе де бар. Жалпы бізде 10000-дай қоғамдық қор, қоғамдық бірлестіктер бар. Олардың бəрі де əлеуметтік кəсіпкерлікпен айналысқы келеді. Армандайды. Бірақ, мейірімге толы жүрек болғанымен бəрінде бірдей кəсіпкерлік қабілет табыла бермейді. Ондай жағдайда əлеуметтік кəсіпкерлікпен айналысу қиынға соғады. Біз мемлекеттен қаржы алмаймыз. Мемлекеттік тапсырысқа қатыспаймыз. Шетелдік ұйымдардың грант қаржысын алмаймыз. Ешқандай саяси ұйымдармен байланыспаймыз. Бір жағынан, грант қаржысы сені бизнесмен ретінде босаңсытады, - деді Арман Көшкінбаев.

Өзгелердің жаңалығы