Қарағандыда 520 аула жөнделеді - әкім

27 Мамыр 2020, 20:36
1235
Бөлісу:
Қарағандыда 520 аула жөнделеді - әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек облыстағы қалалары мен аудандарында аулаларды абаттандыру және қасбеттерді, шатырларды жөндеу бойынша осы жылға арналған жоспарлары туралы айтты.

Биыл тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға енгізілген түзетулердің арқасында жөндеу жұмыстарының көлемі айтарлықтай ұлғайды. Бұл ретте "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасының да мүмкіндіктері зор. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жоғарыда айтылған шаралар іске асырылған кезеңде 4000-нан астам азамат, оның ішінде жұмыссыз адамдар да жұмыспен қамтылады. Олардың тең жартысы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмылдырылады - деді әкім.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы облыс бойынша республикалық, облыстық бюджет қаржысына 350-ден астам үйдің қасбеті мен шатыры жөнделеді. 

Оның ішінде облыс орталығында 200 көпқабатты үй жөндеуден өтеді. Қарағанды қаласының ескі көшелеріндегі үйлердің қасбеттерін жөндеу кезінде бірыңғай сәулеттік стиль сақталатын болады. Тек "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша облыста 130 аула, 190 балалар мен спорт алаңдары, 10-нан астам саябақ, гүл бақтары мен аллеялар абаттандырылады - дейді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ облыс әкімі биылғы жылы облыстық және жергілікті бюджеттің есебінен Қарағанды қаласында 520 аула жөнделетінін атап өтті.

Қазіргі уақытта облыс орталығында бейнебақылау, жарық және жаңа қоқыс жәшіктері, қоршаулар орнатылатын 1000 жаңартылған қоқыс алаңдары салынуда. Барлық жобаларда 100% жүктемемен жергілікті компаниялардың құрылыс материалдары пайдаланылып жатқаны өте маңызды. Бұл біздің өндірушілер үшін айтарлықтай қолдау болып табылады. Бүгін облыс орталығындағы тұрғын үйлердің аулаларын аралап қайттым. Барлық жұмыстар қарқынды жүргізілуде, бұл қуантарлық жағдай. Аймақ бойынша жасалатын алдағы сапарларымда облыстың басқа да қалаларында қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқанына тоқталатын боламын.  Барлық жөндеу жұмыстары кесте бойынша қазан айына дейін жүргізіледі. Жұмыстардың сапасын және белгіленген мерзімдердің сақталуын өзім қадағалайтын боламын - деді облыс басшысы.


Өзгелердің жаңалығы