Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға қанша стипендия бөлінді?

22 Сәуір 2021, 17:12
2444
Бөлісу:
Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға қанша стипендия бөлінді?

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша осы жылға арналған басым мамандықтар тізбесі академиялық оқуға арналған 80 мамандықты және тағылымдамадан өтуге арналған 137 мамандықты көздейді. Тізімге «Инклюзивті білім беру», «Вирусология», «Урбанистика», «Жаңа материалдар технологиясы» сияқты өзекті мамандықтар енді, - деді вице-министр. 

Дәуленов атап өткендей, биыл басым мамандықтар «Инновациялар және жаңа технологиялар», «Индустриялық инженерия», «Жаратылыстану ғылымдары», «Әлеуметтік ғылымдар», «Білім беру», «Медицина» және «Креативті индустрия» сияқты бағыттар бойынша бөлінген. 

Бұл тізбе мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдардың өтінімдері негізінде, сондай-ақ елдің еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып әзірленді.

2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінген болатын. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша бөлінген, ал 500 стипендия «ғалымдар» тағылымдамаларының жаңа санаты бойынша беріледі, - деп атап өтті БҒМ өкілі. 

Естеріңізге сала кетейік, бұл санат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. 

Сондай-ақ биыл басым мамандықтар тізбесінде «Инновациялар және жаңа технологиялар» жаңа бағыты пайда болды. Бұл бағыт жаңа салаларды құруға ықпал ететін инновациялық мамандықтарды біріктіреді, - деп айтты ол ОКҚ-де. 

Еске салсақ, 4 мамырда «Болашаққа» құжат қабылдау басталады.


 

 

Өзгелердің жаңалығы