Биыл орман қорын өрттен қорғауға 40 млн теңге бөлінді

4 Мамыр 2021, 14:18
3120
Бөлісу:
Биыл орман қорын өрттен қорғауға 40 млн теңге бөлінді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр өртке қауіпті кезеңде Жамбыл облысы аумағындағы 600 гектарға жуық жерде 78 төтенше оқиға тіркелген. 19 орман өрті болып, 41 777 гектар аумақты жалын шарпыпты. Бұдан 16 млн теңгеге тарта шығын келген.

Бұл туралы Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және сауықтыру қызметі басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев айтты. Сондай-ақ далалық алқаптың 21 гектардан көбісінде 8 өрт болып, 1 млн 165 мың теңге шығын болған. Бұл деректерді алдыңғы жылмен салыстырғанда, жану оқиғасының саны 2,8 есеге азайғанын көрсетеді. Алайда орман өрті 26%-ға артқан.

Биыл мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының, сонымен бірге өсімдік және жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану мәселелері жөніндегі жоспарлары бекітілді. Осы бағытта арнайы қаулы да қабылданды, бұл құжат табиғи өрттерді болдырмау мақсатында ұйымдастыру жұмыстарын жүйелеуді көздейді. Сол себептен төтенше жағдай департаменті бөлімдері, жергілікті полиция қызметі және атқарушы органдардың жеке құрамы күшімен жалпы саны 84 адамнан тұратын 18 бірлескен ұтқыр топ құрылды, - деп атап өтті Мақсат Әшірбайұлы.

Оның сөзінше, орман және дала өрттері пайда бола қалған жағдайда күштер мен құралдарды тарту жоспары мен байланыс, халықты хабардар ету және ақпараттандыру жүйесі түзілген. Мұның ішінде Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен Қырғыздың Шу және Талас облыстары бойынша Төтенше жағдайлар басқармаларының трансшекаралық төтенше жағдай қаупі туындауы кезінде өзара іс-қимыл жоспары да бар. Онда трансшекаралық аумақтарда ірі табиғи өрттерді сөндіруге жамбылдық авариялық-құтқару және қорғау қызметтері мен Қырғыз елінің құзырлы органдарының күштерін және құралдарын жұмылдыру тәртібі белгіленген.

Облыс аумағының ғарыштық мониторингін жүргізуге былтыр жергілікті қазынадан 5 млн 200 мың теңгенің шамасында қаражат бөлінді. Биылғы 1 мамырдан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері «Қазавиаорманқорғау» РМҚК авиатехникасымен ұшу арқылы күніне 3 рет өңірдегі 3,2 млн гектардай мемлекеттік орман қоры аумағын әуеден күзетуде. Ал «Қазавиақұтқару» АҚ авиатехникасымен аймақтағы өрт қауіпті учаскелерді аралап шығуға және олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізуге Жамбыл облысы әкімдігі 47 млн 500 мың теңге қаржы бөліп отыр, - деді жауапты маман.

Ол жергілікті биліктің мемлекеттік орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарына биыл 40 млн теңге, материалдық-техникалық базаны жақсартуға 217 млн теңге қарастырғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ 150 мың литр көлемінде жанар-жағармай қоры да жасақталған. Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі барлық мекемеде бірінші үлгідегі 15 орман өртін сөндіру станциясы құрылған. Оларда 135 маман, 18 өрт сөндіру автомобилі, 36 трактор, 174 аспалы өрт сөндіргіш, 24 мотопомпа және 246 радиостанция бар.

Өткен жылдары өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру жоспарына сәйкес 5 мыңнан астам тұрғыны бар 8 шалғай елді мекенде өрт сөндіру бекеттері ірге қалаған болатын. Биыл 3 елді мекенде сондай бекет құру жұмысы қолға алынады. Жамбыл облысының ауылдық округтерінде жеке құрамы 2 128 маманнан тұратын 165 еріктілер жасағы құрылды. Олар 508 трактор, 49 су тасушы техника, 88 өрт сөндіру мотопомпасымен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталды. Ал өрт сөндірушілер жетуі қиын таулы жерлерге жеке құрамды жеткізу үшін 10 өтімділігі жоғары техника мен табиғи өрттерді сөндіру үшін 68 бірлік өтімділігі жоғары автоцистерна дайындалды. Оған қоса, 139 ранецті өрт сөндіргіш, 1 000 шақты хлопушка мен 7 «Турая», «Иридиум» спутниктік терминалдары сақадай сай тұр, - деді Мақсат Әкімбаев.

Жауапты маман қазіргі уақытта орман мен дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар орман өрттерін дер кезінде анықтау үшін өңірде 32 өрт бақылау мұнарасы орнатылған. Мемлекеттік мекемелердің аумағына кіретін жерлерде қосымша 20 бақылау пункті бар.

Қазіргі уақытта облыста орман екпелері, темір және автомобиль жолдары бойында минералдандырылған жолақтарды жырту шараларына дайындық жүргізілу үстінде. Аймақтағы республикалық маңызы бар 1 237 шақырым автожолдың 638 шақырымына, облыстық маңызы бар 1 943 шақырым автожолдың 712 шақырымына және 840 шақырым теміржолдың 104 шақырым қашықтығына өртке қарсы жырту жұмысы жүргізілетін болады, - деді басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы