Біз Олжас Сүлейменовпен мақтанамыз – Мырзатай Жолдасбекұлы

17 Мамыр 2021, 12:11
1319
Бөлісу:
Біз Олжас Сүлейменовпен мақтанамыз – Мырзатай Жолдасбекұлы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбекұлы көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған ғылыми конференцияда айтты.

Жиын барысында профессор Олжас Сүлейменов жайлы көлемді мақала жазып, оның еңбектерін кеңінен баяндағанын айтты.

Кезінде ойланып-толғанып жүріп «Елінің елшісі, ұлтының ұяты» атты мақала жазған едім. Онда мен Олжекең туралы адамзаттың баласы айтатын ой-пікір осылай еді-ау, жүрегімнің түбінде жатқан шындық осы еді-ау, деп жазған мақалам еді. Әлі күнге дейін мен сол пікірдемін. Олжекең шын мәнінде қазақ халқының ары, намысы, өз халқының елшісі, - дейді Мырзатай Жолдасбекұлы.

Сонымен қатар ол ақынның «Аз и Я» кітабы шыққанда қалай қудаланғаны туралы баяндап өтті.

1986 жылы күзде мен Чехославакияға баратын болып, жолда Мәскеуге соқтым. Сол кезде Мәскеудегі досым Тургенев, Чеховтың терең зерттеушісі Григорий Пустобаевқа жолықтым. Ол кісінің әйелі Сусана Андреевна «Вопрос истории» деген журналдың редакциясында жұмыс істеуші еді. Әңгіме арасында Сусана ақын Олжастың «Аз и Я» деген кітабын талқылау бойынша Орталық партия комитетінен тапсырма алғандарын айтты. Онда өте қатты талқылаңдар, аямаңдар деген тапсырма берген және оған бүкіл профессор, академиктер қатысатын болған. Сусананың өзінен бұл кітап жайлы ойын сұрағанымда ол «Кітапты оқыдым, онда шындық жазылған» деді. Кейін қайтып келе жатып сұрағанымда ол кісі «Шамам келгенше жеңілдетуге тырыстым» деп жауап берді, - дейді ол.

Сөз арасында Мырзатай Жолдасбекұлы «ақын Олжас Сүлейменовпен мақтанамыз» деген ойын айтты.

Олжекең мемлекет қайраткері, ғалым, дипломат, арғы-бергі замандағы адамзаттың кіндігінен жаралған ұлы ақын. Оны қалай мақтасақ та жарасады, онымен мақтануымыз керек. 2006 жылы Президент мәдениет орталығында директор болып тұрғанда Олжастың 70 жылдығын өткіздік. Кеш барысында баяндама жасағандардың барлығы «ақсақал» дей берді. Қорытынды сөзінде Олжекең «Я не аксакал, я ақсұңқар» деді. Шын мәнінде Олжас халқының ақсақалы әрі елімізден шыққан ақсұңқар, - дейді Жолдасбекұлы.
Бұған дейін Алматыда көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған «Танып-біліп өзімізді өзгеден, біз көшеміз өзімізге бет алып: Олжас және мәдениетттерді жақындастыру» аттыхалықаралық ғылыми конференция өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы