Бизнес үшін тегін грант. Одан кімдер үмітті?

9 Қыркүйек 2020, 09:06
8148
Бөлісу:
Бизнес үшін тегін грант. Одан кімдер үмітті?
EX PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жұмыссыздар мен көпбалалы аналар кәсіп ашу үшін мемлекеттен 555 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алады. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Бизнес бастау» жобасына қатысқан елордалық Роза Мұқанова мен Жұма Нұрғалиева сертификаттың ғана емес, кәсіптің де иесі атанып үлгерді.

Оқтау, ниет және кәсіп

d0a6df12-17b9-466c-9b30-fe5701a8ff87.jpg

Жасы алпысқа таяса да, Роза Мұқанова білім алу мен кәсіп ашу ешқашан кеш емес деп есептейді. Ол бизнесін бір ғана оқтаумен бастады десе де болады. Үйде жұмыссыз отырғанда тұшпара мен самса түйіп, оны жақын маңдағы дүкендерге апарып сатқан. Былтыр күзде «Бизнес-бастау» жобасы бойынша білім алып шығып, сол ісін жолға қоюға бел буды. Цехқа қажетті ғимарат та табыла кетті. Бірнеше тоңазытқыш, ұн илейтін құрылғы сатып алды. Осылайша, жартылай фабрикаттар ассортиментін де түрлендірген. Қазір шағын цехта өзінен бөлек алты адам жұмыс істейді.

«Бизнес – бастау» жобасы туралы Жұмыспен қамту орталығынан білдім. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы санатына жатқандықтан, курсқа қатысу мүмкіндігім бар болып шықты. Неге оқып көрмеске деген ой келді. Менің ойымша, бұл - жұмыссыздарға өз ісіңмен айналысуға берілген жақсы мүмкіндік. Қолыңнан қандай іс келеді, соны кәсіпке айналдыруға болады. Жұмыс жоқ деп отырмау керек. Алғашында табыс аз болуы мүмкін. Бірақ жоқтан бар ғой, одан кейін адамның «өзім дегенде өзгіздей қара күші бар». Өз ісің болған соң, оны кеңейткің келеді, нәтиже көрген соң табысыңды еселегің келеді, - дейді ол.
  TEMA0268.jpg

Роза Мұқанова карантинде де құр жатпай, тынымсыз еңбек етіпті. Клиент іздеп жарты қаланың дүкенін жаяу аралап шықты десек, артық айтқандық емес. «Бір есік жабылса, екінші есік ашылады, мойымау керек» дейді өзі. Осылайша, бүгін елорданың 50-ден астам дүкені мен супермаркетіне өнімдерін жеткізіп тұруға келісімге келген. Қазіргі күні «Морозка» деген атауы бар Роза апаның өнімдерін астаналықтар танып қалған.

TEMA0271.jpg

Барлығын қолмен жасаймыз. Тазалыққа, дайындалатын тағамның сапасына мән беремін. Қазір дүкенде дайын өнімдер көп. Солардан немен ерекшелене аламыз? Клиент неге бізді таңдауы керек? Әрине, бұл жерде үй тағамы мен еттің тазалығымен ғана ұта аламыз. Сондықтан да әр дүкен, супермаркетпен келісім жасағанда оның сапасы туралы ұялмай, сенімді түрде айта аламын, - дейді ол.
   TEMA0273.jpg

TEMA0276.jpg

TEMA0283.jpgРоза Мұқанованың кәсібіне қатысты мақсаты көп. Кәсібін кеңейткісі келеді. Қиындықтар да аз емес. Ғимартты кей құрылғылармен қоса алып отырғандықтан, оның құны да жоғары. Ендігі мақсат сол құрылғыларға қол жеткізу. «Құдай қуат берсе, оған да жетемін» дейді өзі.

TEMA0277.jpg

Калькуляторды инеге ауыстырған

Ал екінші кейіпкеріміз - бес баланың анасы Жұма Нұрғалиева. 12 жыл банк қызметкері болған ол дипломын шетке ысырып қойып, тігіншілікке ден қойған. Бұл оның бала кезден бергі хоббиі екен. Соны «Бизнес бастау» жобасы арқылы кәсіпке айналдырды.

Маусым айында 21 күндік курсты оқып, тренерлердің көмегімен бизнес жоспар жасадым. Оны сәтті қорғап шығып, 555 мың теңгенің гранына қол жеткіздім. Біреулер үшін бұл аз ғана қаржы болып көрінуі мүмкін. Алайда, мен оған үш тігін машинасын сатып алып, ісімді бастадым. Одан бұрын курстан кейін көптен бері ойлап жүрген іске бел будым, бұл менің қолымнан келді. Мұнымен тоқтамаймын, - дейді ол.   
Жұма қазіргі күні «Ырысты» сауда үйінен орынды жалға алып, сол жерде төсек-орын жабдықтары мен трикотаждан киім тігеді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің кәсіпкерлікті қолдау грантына да өтініш беріпті. Оның ендігі мақсаты - логотип тігетін машина сатып алу.
Оның құны 2,5 млн теңгенің шамасында. Осы тігін машинасын сатып алсам, дайын өнімдерге түрлі фирмалардың логотиптерін тігіп беретін едім. Қазіргі күннің өзінде 5 компаниямен келісім орнаттым. Олардың қатарында монша, қонақ үй, фитнес клуб пен санаторий бар. Осы фирмалар төсек-орын жабдықтары мен орамалдарына, қызметтік киімдеріне логотип тіккізуге дайын. Осылайша, ісімді кеңейткім келеді, - дейді көпбалалы ана.

Жұма осы саладағы нарықты да зерттеп көріпті. Оның айтуынша, елордада мұндай қызмет көрсететін ательелер аз. Демек сұраныс та болады.

Шағын шеберханамен шектеліп, күнкөріске жететін табысқа қарап отыруға да болар еді. Алайда, кәсіп бастаған соң бір орында тұрғың келмейді екен. Табысты еселегің келеді, түрлі идеялар да маза бермейді. Көпбалалы аналарға қазір мемлекет осындай мүмкіндік беріп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар «Бизнес бастау» курсын оқымай-ақ грантқа қол жеткізе алады. Бірақ курстың берері мол. Бизнестің әліппесін білмей, ісің де өнбейді. Өзім сияқты көпбалалы аналарға біреуге жалданып жұмыс істеу қиын екенін білемін. Сондықтан мемлекет беріп отырған осындай мүмкіндіктерді де пайдалануға шақырамын. Тек жәрдемақыға қарап отырмайық. Адамда ниет болса, қазіргі күні шағын болсын өз ісіңмен айналысуға болады. Кедергі жоқ. Кедері тек миымызда, - дейді Жұма.
«Бизнес бастауға» кімдер үмітті?

Бизнес бастау» жобасы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Оның әкімшісі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. «Бизнес Бастау» жобасы жұмыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған.

Нұр-Сұлтан қалалық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жобаға жұмыссыздар, ауылдық жер, қала, сондай-ақ, моно және шағын қала тұрғындары, денсаулығы еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнет жасына дейінгі 50 жастан асқан адамдар, жастар, соның ішінде NEET санатындағы қыз-жігіттер (жұмыссыз, білім алмайтын), аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері, ауыл шаруашылығы кооперативтері, зәкірлік кооперацияларды қоса алғанда шаруа қожалықтарының зейнет жасына жетпеген мүшелері, қоныс аударғандар мен қандастар қатыса алады.

Биыл кәсіпкерлік негіздері онлайн режимде оқытылады. Онлайн оқудан бөлек, биыл жобаға қатысуға өтініш беру шарты да өзгерген. Енді үміткерлер жобаға қатысу үшін өзінің тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына жүгінуі керек, орталық үміткердің оқуға қатыса алатын тұлға санатына сәйкес келетін-келмейтінін анықтайды.

Оқу ұзақтығы 21 күн. Қатысушы оқу барысында жоба дайындап, қорғап шықса, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Алайда, бұл грант мақсатты жұмсалуы тиіс. Кәсіпкерлер палатасы грант ұтып алған жеке кәсіпкерлерді 12 ай бойы бақылап, қажет болса, кеңес беріп отырады.

Өткен жылы «Бизнес бастау» мен «Жас кәсіпкер» жобасына елорданың 3397 тұрғыны қатысқан.  

Өзгелердің жаңалығы