Бас жаңалықтар
Боксшы Абылайхан Жүсіпов карантинде оқитын 5 кітап пен 5 фильмді ұсынды
27 Наурыз 2020, 01:35 69

Боксшы Абылайхан Жүсіпов карантинде оқитын 5 кітап пен 5 фильмді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері карантин кезінде қандай кітап пен кино көруге болатынын ұсынды. Бұл туралы olympic.kz хабарлады.

Бүгінде бүкіл әлем жұрты қауіпті індет – коронавируспен күресіп жатыр. Жер жүзінің бірнеше мемлекетіне таралған вирус салдарынан ірі спорттық оқиғалар зардап шегуде. 2020 жылдың жазында өтетін футболдан Еуропа чемпионаты кейінге қалып, әлемнің алпауыт елдеріндегі футболдан ұлттық біріншіліктер тоқтап тұр. 

Ал биылғы жаздың басты спорттық оқиғасы – Токио Олимпиадасы ұзаққа созылған талқылаудан соң 2021 жылға ауыстырылды. Осыған орай, бүкіл әлем спортшылары олимпиадалық қозғалыс мүшелеріне қолдау көрсетіп, бұл қадамның адамзат болашағы үшін қажет екенін айтуда. 

Қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеті коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай режимі мен карантин жариялады. Карантин жариялағандар қатарында Қазақстан да бар. Отандық спортшылар оқу-жаттығу жиындарынан оралып, өз үйлерінде жаттығып жатыр. Бокстан Қазақстан командасының мүшесі, әлем чемпионатының жүлдегері Абылайхан Жүсіпов үйдегі бос уақытын қалай өткізетінімен бөліскен болатын.

Олимпиада ойындарының келесі жылға ауыстырылуы біз үшін дұрыс шешім болды. Өйткені, қазіргідей қауіпті кезеңде адам денсаулығы бәрінен де биік тұруы тиіс. Сол себепті, ХОК-тің бұл шешімін құптаймын. Оның үстіне, бокстан Олимпиада ойындарының жолдамасы әдеттегідей бір жыл бұрын берілген жоқ. Токио ойындарына жолдама наурыз айында ойнатылған болатын. Бұл үзіліс бізге Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалуға берілген уақыт деп білемін.  Қазіргі карантин жағдайына қарамастан, біз жаттығуды тоқтатқан жоқпын. Үйде қоссырықта, белтемірде жаттығу жасап жүрмін. Жүгіруді де ұмытқам жоқ. Бүгінде көптеген Қазақстан азаматы өз уақытын үйлерінде өткізіп жатыр. Бұл кезеңді жақындарыңмен араласып, отбасыңа көңіл бөлуге берілген мүмкіндік деп қабылдайық. Бос уақытта кино көріп, кітап оқуды әрбір адам кәсібіне айналдырған шығар. Осы орайда, өзім оқыған кітап пен көрген кинолардың ішіндегі үздік бестікті назарларыңызға ұсынамын, - деді ол.

Абылайхан Жүсіпов ұсынған ТОП-5 фильм: 

1. №17 Аңыз;

2. Осман империясының құрылуы (сериал);

3. Төле би (сериал);

4. Галактика күзетшілері;

5. Солақай.

ТОП-5 кітап: 

1. Волоколам тас жолы (Александр Бек);

2. Көшпенділер (Ілияс Есенберлин);

3. Код да Винчи (Дэн Браун);

4. Ғасыр жекпе-жегі (Пол Морган);

5. "Махаббат, қызық, мол жылдар" (Әзілхан Нұршайықов).


Фото: дереккөз
Загрузка...