Бүгін «Хабар» арнасының құрылғанына 25 жыл толды

23 Қазан 2020, 16:12
2271
Бөлісу:
Бүгін «Хабар» арнасының құрылғанына 25 жыл толды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Хабар» агенттігі» АҚ-тың тарихы 1995 жылдан басталады. Сол кездегі қазақ телеарнасының ақпараттық қызметі негізінде «Хабар» Ұлттық Телевизиялық Ақпараттық Агенттігі құрылады. Бүгін «Хабар» Агенттігінің» құрылғанына 25 жыл толып отыр. 

Бүгінгі таңда «Хабар агенттігі» АҚ – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын төрт арнаның тоғысқан орталығы. «Хабар» Агенттігі» АҚ құрамына республикалық «Хабар» мен «Хабар 24», «Kazakh TV», «EL ARNA» телеарналары кіреді. Телеарналардың тәуліктік хабар тарату көлемі: «Хабар» – 20 сағат, «Kazakh TV» – 24 сағат, «Хабар 24» – 24 сағат. Қазақстан бойынша 99 % телекөрермендер аудиториясын қамтиды. 

Агенттіктің Қазақстанда және Ресей, АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, Бельгия, Түркия, Өзбекстан елдерінде тілшілер қосыны жұмыс істейді. Эфирдің 70% телеарнаның төл туындыларынан құралады, яғни телеарнада түсірілетін бағдарламалар, фильмдер мен телехикаялар. Көрсетілімдердегі бағдарламалардың 90% әлеуметтік маңызды тақырыптарды қамтиды. 

«Хабар» Агенттігі» – Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағына (ABU), Азия және Тынық мұхиты жаңалықтар агенттігі ұйымына (OANA), Азия және Тынық мұхиты Хабар таратуды дамыту институтына (AIBD), Телевизия мен радионың Еуразиялық академиясына (ЕАТР) мүше.  

Осы орайда BAQ.KZ ақпарат агенттігі «Хабар» агенттігінің ұжымын 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды.

Өзгелердің жаңалығы