Бүгін «мейірбандық» пен «жомарттықты» жүрегіне түйген тұлғаларды дәріптейтін күн – Балаева

5 Желтоқсан 2020, 14:12
1059
Бөлісу:
Бүгін «мейірбандық» пен «жомарттықты» жүрегіне түйген тұлғаларды дәріптейтін күн – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Халықаралық волонтерлар күні аталып өтіп жатыр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева волонтерларға алғысын білдіріп, өскелең ұрпаққа өшпес өнеге болып қала беретіндерін жазды. Бұл туралы министр Facebook-те жазды.

5 желтоқсан – бүкіл әлем үшін «ізгілік» пен «мейірбандық», «жомарттық» пен «өзара көмек» сияқты құндылықтарды жүрегіне түйген нағыз тұлғаларды дәріптеп, қошамет көрсететін күн. Өйткені, сонау 1985 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен бұл күн Халықаралық волонтерлар күні ретінде бекітілген еді.

Міне, осынау адами игі қасиеттерді ту еткен датаның 35 жылдығы біздің еліміз үшін ел Президенті арнайы жариялаған Волонтер Жылы аясында өтуде, - деді Балаева. 

Ақпарат министрі шын мәнінде бұл адамзаттың волонтерлық туралы ең озық идеялары мен ұлтымыздың қанына сіңген қасиеттерінің бір арнада тоғысып, толыса дами түскен кезеңі болғанын жазды. 

Сөз жоқ, бұның өзі – волонтерлықты кәсіп етіп, туған халқына нәсіп еткен ұзын саны 100 мыңға жуық отандастарымыздың еселі еңбегінің арқасы.

Сондықтан да, бүгінгі айшықты күні осы азаматтарымыздың баршасына зор ризашылығымды білдіріп, үлкен адамгершіліктері мен игілікті істері үшін шексіз алғысымды жеткізгім келеді. Сіздер қашанда ар-ождан мен нағыз азаматтықтың хас үлгісі ретінде өскелең ұрпаққа өшпес өнеге болып қаласыздар.

Сіздерге мықты денсаулық, айнала-жақындарыңызға амандық, қоғамдық жұмыстарыңызға мол табыстар тілеймін! - делінген министр жазбасында.



Өзгелердің жаңалығы