Бас жаңалықтар
Көкшетауда Чернобыль құрбандарын еске алды
20 Сәуiр 2021, 17:19 182

Көкшетауда Чернобыль құрбандарын еске алды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Чернобыль атом стансасы апаты салдарын жоюға қатысып, мезгілінен бұрын бақилық болған ардагерлерді еске алу шарасы ұйымдастырылды.

Адамзатқа орны толмас зор қасірет әкелген әлемдегі ең ірі ядролық техногендік апатқа биыл 35 жыл толады.

35 жыл бұрынғы адамзат тарихындағы ең қорқынышты техногендік апат Кеңес Одағының тұрғындарына ғана емес, бүкіл Еуропаға қауіп төндірді. Апаттың салдары, оның адам мен табиғатқа әсері әлі күнге дейін зерттелуде. Көптеген жылдар өткен соң да радиацияның жоғары деңгейіне байланысты Чернобыльда өмір сүру ұсынылмайды. 2016 жылы атаулы күннің 30 жылдығына орай Көкшетауда апат құрбандарына арнап ескерткіш орнатылды. Жақында облыс әкімдігінің қолдауымен радиациялық апат құрбандарына арналған ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Біз оның айналасын күтіп ұстау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, – дейді «Чернобыль ардагерлері қоғамы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Жетеров.

Апат салдарын жоюға 3 мыңға жуық ақмолалық қатысты, бүгінде олардың 450-і ғана тірі. Олардың көпшілігі 2-ші және 3-ші топтағы мүгедектер.

1988 жылы әскери комиссариаттың шақыртуымен Чернобыль атом станциясында апатты жоюға қатыстым. Менімен бірге Көкшетау мен Шортан қалаларынан запастағы алты офицер болды. Атом электростанциясы Чернобыль қаласынан 10 жеті шақырым жерде Припять өзенінің Днепрге құятын сағасында орналасқан екен. Радиация бүкіл ортаны улады. Станция маңындағы ағаштар түгел кесіліп, карьерге тасылды. Біз алғашқы уақытта бір айдай Чернобыльде болып, қалған уақытты Иванновадағы ауылда өткіздік. Жұмыс күндері автобуспен Чернобыльға кіреберісте автобусымыз су құйылған ерітіндімен дезинфекцияланатын. Асханаға барғанда аяғымызды арнайы ерітіндімен жуып, радиация тексеретін аспап арқылы байқаудан өтетінбіз. Тіпті радиация қалдықтарын таситын Краздардың кабиналары жалпақ қорғасынмен қапталған болатын. Мен екі рет осы көлікпен зиянды қалдықты көметін жерге бардым. Терең қазылған тоған әлгі қалдықтармен толғанда сары балшықпен жауып тастайды екен. Шаң ұшпас үшін Чернобыль мен АЭС аумағын арнайы машинаның көмегімен қауіпсіздендіретін. Талай жыл өтсе де АЭС аумағында әлі халық тұрып жатқан жоқ. Чернобыль жаңғырығы әлемді шарпып, ядролық қарудан бірлесіп қорғануды міндеттеді. Осыны естен шығармаған жөн, - деп еске алады Чернобыль апатын жоюға қатысушы Арынрашид Жайсаңбай.

Шалқарбек Бауддинов 1986 жылдың 19 желтоқсанынан 1987 жылдың 8 мамырына дейін Чернобыльда болған, апат орнына баруға оның құрылысшы мамандығы себеп болған. Бүгінгі таңда ол құрылыс бригадасынан өзімен бірге екі адам ғана тірі қалғанын айтады.

Монтаждау мен дәнекерлеушілер тобы үшінші энергоблокты қалпына келтірумен айналысты. Үйге оралғаннан кейін денсаулығына байланысты проблемалар бірден байқалмады. Кейін айлап ауруханада емделдім. Осы күнге дейін өмір сүріп, балаларым мен немерелерімнің қызығын көргенім үшін дәрігерлерге алғыс білдіремін. Жастарымыз ешқашан мұндай сынақты көрмесін деп тілеймін, - дейді Шалқарбек Бауддинов.

Көзі тірі азаматтар апаттың зардабынан өмірден өткен жора-жолдастарының рухына тағзым етті. Сол кездегі оқиға сәттерінен естеліктер айтып, жастар қауымын заманның тыныштығын қадірлей білуге шақырды.


Фото: автордан
Загрузка...