Коронавирус: Мамандар 14 күн бойы үй-үйді аралап тексереді

20 Ақпан 2020, 15:27
1976
Бөлісу:
Коронавирус: Мамандар 14 күн бойы үй-үйді аралап тексереді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда күшіне енген мемлекеттік Бас санитариялық дәрігердің Қаулысына тиісті өзгерістер енгізіліп, коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары күшейтілді. 

Инфекция тараған елдерден Қазақстанға келген азаматтар шекараны кесіп өткен күннен бастап 24 күн медициналық бақылауда болады, ал мамандар 14 күн бойы үй-үйді аралап тексереді. Бұл туралы министр Елжан Біртанов брифинг барысында айтты. 

Ведомствоаралық комиссияның келісімімен, Қытай Халық Республикасынан келген жолаушылар Қазақстан шекарасын өткеннен кейін оқшаулау арқылы 14 күн стационарға карантинге орналастырылады және ауруханадан шыққаннан кейін қосымша 10 күн қашықтықтан бақылауда болады. Екінші деңгейге жататын коронавирустық инфекция тараған елдерден Қазақстанға келген азаматтар ҚР шекарасын кесіп өткен күннен бастап 24 күн медициналық бақылауда болады - мамандар 14 күн бойы үй-үйді аралап тексереді және 10 күн қашықтықтан мониторинг жүргізеді, - деп түсіндірді денсаулық сақтау министрі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде. 

Айта кетейік, бұл мемлекеттер қатарына Сингапур, Жапония, Таиланд, Оңтүстік Корея, Гонконг және ҚХР Макао, Тайвань елдері кіреді.

Министрдің айтуынша, екінші деңгейге жататын коронавирустық инфекциямен санаулы жағдай тіркелген Малайзия, Вьетнам, Германия, Австралия, АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі, Канада, Италия елдерге барып келген адамдар 24 күн қашықтықтан бақылауда болады.

Ресми және үкіметтік делегация өкілдерінің, сондай-ақ қызметтік және дипломаттық паспорттар иелерінің, авиакомпания ұшқыштарының және қолайсыз аумақтардан келетін экипаж мүшелерінің денсаулығына да 24 күн қашықтан мониторинг жүргізіледі, - ведомство басшысы. 

Баса назар аударған жөн, коронавирустық инфекция әлем елдерінде, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияда әлі де таралуда. 

Бұл орайда, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қауіпті, күмәнді аймақтардан келген қазақстандықтарға өзге адамдармен байланысты үзіп, үй жағдайында карантинді жалғастыруын сұрайды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл әр азаматтың және жақындарыңыздың денсаулығы үшін маңызды. Сұрақтар туындағанда және көмек қажет болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 Call-орталығына тұрғындар хабарласа алады.

Өзгелердің жаңалығы