COVID-19-ға қарсы вакцина адамдарға сыналды

15 Шілде 2020, 11:50
1863
Бөлісу:
COVID-19-ға қарсы вакцина адамдарға сыналды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. COVID-19-дың алдын алуға арналған "Moderna" компаниясының вакцинасынан адамдарға жасалған зерттеудің бастапқы кезеңінде 45 пациенттің барлығынан күшті иммундық реакция байқалды. 

Мұндай мәліметті "New England Journal of Medicine" журналында жарияланды.

Әр топта 15 адамнан құралған зерттеу жұмыстары кезінде әрбір қатысушы 25, 100 немесе 250 микрограмм вакцина дозасын қабылдады. Қатысушылар әлеуетті вакцинаның екі дозасын алды. Барлық 45 пациент антидене жасап шығарды, ғалымдардың пікірінше, бұл вирустан қорғану үшін өте маңызды. 

Moderna мәліметтері бойынша, екі екпеден кейін вакцина барлық қатысушыларға "күшті" иммундық жауап берді. Компания жоғары дозасы бар топтағы науқастарда бейтараптандыратын антиденелердің деңгейі COVID-19-дан емделіп шыққандарға қарағанда бірнеше есе жоғары екенін мәлімдеді.

mRNA-1273" вакцинациясы дозаның барлық деңгейінде тұрақты иммундық жауап тудырады. Үшінші кезеңдегі зерттеулер үшін оңтайлы доза 100 мкг  болып отыр. Біз осы айда вакцинаның COVID-19 ауруының қаупін айтарлықтай азайту мүмкіндігін көрсету мақсатында "mRNA-1273" үшінші фазасының зерттеу жұмыстарын бастауды асыға күтудеміз, - деді "Moderna" өкілі, доктор Тала Закс. 
Бұған дейін америкалық биотехнологиялық "Moderna" компаниясы 27 шілдеде жаңа үлгідегі коронавирус вакцинасын клиникалық сынауға кірісетіні хабарланған болатын. Сынақтарға 30 мыңға жуық ерікті қатысады. Олардың әрқайсысы 0,1 миллиграмм мөлшерінде әлеуетті вакцинаның дозасын алады, 29 күннен кейін инъекция қайталанады. Кейбір қатысушылар плацебо препаратымен егіледі.

Компанияның вакцина жобасы АҚШ федералды үкіметі қолдайды. Үкімет аталмыш компанияны адамдардың кең шоғырына арналған сынақтарын бастау үшін алғашқылардың бірі ретінде таңдап, бұл бағыттағы жұмыстарға 500 миллион доллар бөлді.

Өзгелердің жаңалығы