COVID-19 бен пневмонияға шалдыққандар МӘМС есебінен оңалту қызметтерін ала алады

24 Қыркүйек 2020, 13:39
1150
Бөлісу:
COVID-19 бен пневмонияға шалдыққандар МӘМС есебінен оңалту қызметтерін ала алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Халықтың МӘМС жүйесіне қатысуы» тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Коронавирус пен пневмонияға шалдыққан МӘМС жүйесінде сақтандырылған пациенттер медициналық сақтандыру қаражаты есебінен оңалту қызметтерін ала алады. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің «Медициналық оңалту ережелерін бекіту туралы» бұйрығының жобасы Әділет министрлігінде тіркелген. Бұйрық бекітілгеннен кейін коронавирус инфекциясы мен орташа ауыр, ауыр және өте ауыр дәрежелі пневмониямен ауырған науқастар медициналық оңалтуға жатады. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитологтың қатысуымен аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі, - деді Төкежанов.

Басқарма төрағасы көрсеткіштерді бағалаудың негізгі критерийлеріне тоқталды. 

Көрсеткіштерді бағалаудың негізгі критерийлері: тыныс алу функциясы (сатурация деңгейі, КТ/рентгенография деректері бойынша өзгерістер), күнделікті өмірге қабілеттілік (Бартел индексі). Өте ауыр және ауыр дәрежедегі КВИ немесе пневмониямен ауырған пациенттер тәулік бойы стационар деңгейінде 2 кезеңдегі оңалтуға жатады, кейіннен 3 кезеңге ауыстырылады. Орташа ауыр КВИ/пневмонияға шалдыққан  пациенттер тәуліктік стационар деңгейінде, оның ішінде санаторий-курорттық жағдайда, күндізгі стационарда және амбулаториялық-емханалық деңгейде 3 кезеңдегі оңалтуға жатады. Сондай-ақ, үйде емделіп, медициналық ұйымдарға жүгінбеген азаматтарға  3 кезеңді оңалту қарастырылған. Әрине, олар да мультидисциплинарлық команданың тексеруінен өтуі керек, - деді ол.

Төкежанов қазірдің өзінде коронавирус инфекциясы мен пневмониямен ауыратын науқастарды ерте оңалту ауруханада емделу кезінде «Коронавирус инфекциясы - COVID-19» клиникалық хаттамасының 10-редакциясына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын еске салды.

Жалпы, оңалту қызметтерін көрсету үшін биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 559 жеткізушімен 46,7 млрд теңгеге  шарт жасасты. Олардың қатарында 203 жеке медициналық ұйым бар. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бекітілгеннен кейін, Қор коронавирус немесе пневмониядан жазылып шыққан, медициналық оңалтуға  мұқтаж сақтандырылған пациенттердің емін қаржыландыруға дайын, - деді  басқарма төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы