Бас жаңалықтар
COVID-19. Еуропада қайта етек ала бастады
07 Наурыз 2021, 22:04 404

COVID-19. Еуропада қайта етек ала бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропада коронавирустың тарауы алты апталық төмендеуден кейін қайта күшейді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінен көруге болады. Кейінгі аптада 1 миллион науқас тіркелді. Бұл алдыңғы аптаның көрсеткішінен 9 пайызға көп.

Індеттің күш алуы вирус мутациясының тарауымен және карантин шектеулерінің абайсыз алынуымен байланысты деді ДДСҰ-ның Еуропа бойынша аймақтық директоры Ханс Клюге.

Былтыр Ұлыбританиядан анықталған мутация Еуропаның 27 елінде тарап жатыр. Бұл елдерде вакциналауы деңгейі АҚШ, Израиль, Чили және БАӘ секілді елдердегідей жоғары емес. Көбінде карантин шектеулері әлі алынбаған. 6 наурыз күні Австрия, Швейцария, Швеция және Ирландия секілді елдерде мыңдаған адам көшеге шығып, карантин шектеулерінің экономикалық және әлеуметтік жағдайды ушықтырып жібергеніне наразылық білдірді.

Ал Германияда азаматтар дүкенге жүгіріп, коронавирустың бар-жоғын анықтайтын экспресс тестілерді сатып алып жатыр. Тестілер санаулы сағат ішінде сатылып кетіп жатыр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне қарағанда, Германияда коронавируспен барлығы 2,5 миллион науқас тіркелген, оның 2,3 миллионы жазылған, 72 мыңға жуығы қайтыс болған.

Әлемде коронавируспен тіркелгендер саны 116 миллионнан асты. Жұқпалы аурудан кемі 2 миллион 588 мың адам қайтыс болды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...